Алакөлге құлаған дельтаплан оқиғасынан соң, туристерге қызмет көрсететін барлық ұшақ тексеріледі. Көлік министрі Марат Қарабаев тіркелмеген және ұшуға рұқсат беретін сертификаты жоқ барлық әуе кемесі қатаң бақыланатынын мәлімдеді.
«Дельтапландардың осы түрі немесе Ан-2 ұшағына тексеру жүргіземіз, Ан-2 ұшағына келетін болсақ, бізде 263 бірлік бар, бірақ 94-і ғана ұшуға жарамды, қалғандары жарамды емес. Дегенмен ұшу жарамдылығы және ұшқыштың рұқсат сертификатынсыз жұмыс істеп жатқан фактілер кездесіп отыр. Оның дәлелі осы дельтаплан оқиғасы», – деді Марат Қарабев Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.
Министр әрбір әуе кемесі белгілі бір мерзімге ұшуға жарамдылық сертификатын алатынын түсіндірді. Алайда Алакөлге құлаған дельтапланда ұшуға рұқсат беретін сертификат болмаған.
«Осыған байланысты министрлік барлық ұшақ пен әуе кемесін, соның ішінде Ан-2 ұшағын қоса алғанда, кешенді тексеруден өткізу туралы шешім қабылдады», – деп түсіндірді Қарабаев.
25 шілдеде Алакөлді барлаған шағын ұшақ апатқа ұшыраған болатын. ТЖМ дельтаплан бортында болған адамдар аман қалғанын хабарлады. Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша дельтаплан сағат 17.15-те апаттық жағдайда қонды.
Ал 29 шілдеде Азаматтық авиация комитеті Алакөлге құлаған дельтапланның Қазақстандағы әуе кемелері тізіміне тіркелмегенін анықтады.