Қала сыртындағы және облыс аралық жолдарда апат саны азаймай тұр. Өйткені республикалық жолдардың тек 3%-ы ғана қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Осындай мәлімет келтірген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов шұғыл түрде 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет екенін айтты.
Министр Үкімет отырысында елдегі жол қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Ведомство басшысының дерегінше жыл сайын елімізде жол апатынан 2 мыңнан астам адам опат болып, 19 мың адам жарақат алады.
«Бұл – орны толмас шығын. Апат санының өсуіне бірінші тіркеу тәсілдерінің өзгеруі әсер етті. Екінші – автотранспорттың өсуі. Үшінші – инфрақұрылымның жағдайы. Төртінші – жүргізушілер тәртібінің сапасы», – деді Ержан Сәденов Үкімет отырысында.
Министр қала сыртындағы жолдарда апат саны азаймай тұрғанын, тіпті ауыр апаттар орын алып жатқанын айтады.
Жол қауіпсіздігінің аудиті кезінде жол жөндеуге жауапты мекемелерге 24 мыңнан астам нұсқама жолданған. Осының нәтижесінде міндеттерін дұрыс орындамаған 3,5 мың лауазымды тұлға жазаланған. Ержан Сәденовтің айтуынша, әсіресе, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстарының трассаларында адам өлімінің деңгейі жоғары.
«Қарағанды облысы «Алматы-Екатеринбург» трассасының жөнделіп жатқан учаскесінде шілде айының 2 аптасында 3 жол көлік оқиғасы болды. Онда 9 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды. Ақтөбе облысында бір шұңқырдың кесірінен 2 жол апаты болды, 4 адам зардап шегіп, біреуі қаза тапты. Мұндай фактілер әр аймақта бар», – деді министр.
Сәденов шұғыл түрде 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет деп есептейді. Әсіресе, бұл Атырау, Ақтөбе және Орал, Өскемен – Семей, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Қарағанды – Павлодар аралығындағы тас жолдарға ауадай қажет. Министр бұл облыс аралық аумақтарда 7 метр болатын екі жолақты жолдар болғандықтан, бетпе-бет соғысу және аударылу жиі орын алатынын айтады.
Елімізде көлікті мас күйінде жүргізетіндер көбейді
Ведомство басшысы көлік тәртібінің төмендігі де жол-көлік оқиғаларының бірден-бір себебі екенін жеткізді. Мәселен, биыл жол ережесін бұзу 58%-ға, қарсы жолаққа шығу деректері 70%-ға артқан. Мас күйінде көлік тізгіндегендер саны да 15%-ға өскен.
«Қалаларда жол ережелерін бұзуды тіркейтін 24 мыңнан астам автоматты камера орнатылды. Патрульдік автокөліктерді бұзушылықтарды тіркейтін жүйелерімен жабдықтаудамыз. Бүгін осындай жүйелерді маршруттық автобустар, жедел жәрдем және мемлекеттік автокөліктерге орнату мәселелері пысықталуда. Сондықтан әкімдіктер тез арада осы құрылғыларды алу қажет», – деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда көліктердің алдыңғы терезелерін қараңғылауға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.