Сервер мен дербес компьютерге арнап процессор әзірлеумен айналысатын әлемдегі ең ірі компанияның бірі – америкалық Intel мыңдаған жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр деп жазады Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Өйткендегі мақсаты бизнесті қалпына келтірудің өршіл жоспарын қаржыландыру екен. Осы мәлімдемеден кейін Intel акциялары 1%-дан астам өсті.
Толығырақ
Intel осы аптада-ақ кең ауқымды қысқарту жариялауы мүмкін деді Bloomberg сұхбаттастары. Қазір компанияда арнайы бөлімшелерді есептемегеннің өзінде 110 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.
Intel басшысы Пэт Гелсингер компания технологияларын жақсартып, жартылай өткізгіш өнеркәсібінде алдыңғы қатарға шығуға бағытталған зерттеулер мен әзірлемелерге қаржы құюға келгенде белсенді. Ол сондай-ақ жартылай өткізгіштерді келісімшартпен өндіруге арналған фабрикалар салу жөніндегі жоспарды іске асыруға да кіріскен.
Гелсингерге дейінгі басшылар нарықта үстем компанияны әлсіретіп, Advanced Micro Devices (AMD) және басқа да бәсекелестерге нарықтың бір бөлігін алдыртып қойған. Әкелер пайдасы мол жасанды интеллектіге арналған чип әзірлеуде Nvidia бастаған микросхема өндірушілер Intel-ді басып озған. Сондай-ақ компанияның негізгі бизнесі – ДК-ға арналған процессорға деген сұраныс та біркелкі болмай тұр.
2023 жылы Intel қысқарту бағдарламасын жариялап, қызметкерлерінің шамамен 5%-ын жұмыстан шығарды. Бұған қоса жаңа зауыттар құрылысы шығынын да баяулатуға шешім қабылдады. Осы шаралар 2025 жылдың соңына қарай 10 млрд долларға дейін қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтеді.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылар орташа есеппен Intel-дің екінші тоқсандағы табысы өткен жылғы деңгейде сақталады деп болжап отыр. Екінші тоқсанның есебі Нью-Йорктегі негізгі сауда аяқталғаннан кейін 1 тамызда жарияланады. Маусым айының басында Intel нарыққа жеке компьютердің (ДК) ЖИ-процессорын жеткізу ісінде барлық бәсекелесінен алда екенін мәлімдеді. Уолл-стрит екінші жарты жылдықта сатылым қарқыны артады, ал жылдық сатылым 2021 жылдан бастап алғаш рет өседі деп күтеді.
Акция жайы
Bloomberg жаңа қысқарту науқаны туралы жариялағаннан кейін Intel акциялары Нью-Йорктегі қосымша саудада 1,2%-ға өсті. Бұл – негізгі сауда қорытындысы бойынша 2,3%-ға төмендегеннен кейінгі бірінші өсу. Жыл басынан бері компания нарықтық құнының 37%-ын жоғалтқан. Nasdaq 100 индексі жаңа есептеу қуатын талап ететін жасанды интеллект технологиясы дүрбелеңінің арқасында 13,6% қосып алды.
FactSet мәліметі бойынша, Intel-дің әр акциясының орташа мақсатты бағасы 39,38 доллар. Бұл биржадағы қазіргі бағадан шамамен үштен бір есе жоғары. Ұсынысын FactSet бақылап отыратын сарапшының көбі (48-дің 30-ы) Intel акциясын инвестициялық портфельде ұстап отыруды ұсынады. 14 сарапшы сатып алуға, төртеуі сатуға шақырады.