Ел экономикасы 4 пайыз өсуі мүмкін: AERC Қазақстан экономикасына қатысты болжамын төмендетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан экономикасының өсімі қандай болады / Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) Қазақстанның 2024 жылғы экономикалық өсімінің болжамын 4,2%-дан 4%-ға төмендетті. Орталық тоқсан сайынғы макроэкономикалық шолуын жариялады.

Cарапшылар болжамының төмендеуіне экономиканың бірқатар саласындағы өнім өндірудің баяулауы мен 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға салынған ивестицияның азаюы негіз болған.

Есесіне Қазақстанның сауда серіктестері – Ресей, ЕО мен Қытайдың экономикасын 2,1 пайыз өсім көрсетуі ықтимал. Бұл болжам сәуір айындағы болжамнан сәл жоғары.

AERC сарапшыларының 2024 жылғы инфляцияға қатысты болжамы 8,4%-ға (9,1%) дейін жақсарды. Биыл мұнай құны барреліне 87,5 долларға дейін арзандауы мүмкін. Бұған дейін 89 доллар деңгейінде қалыптасады деген болжам жасалған.

Доллар/теңге жұбына қатысты болжамында орталық мамандары теңгенің биыл құнсызданатынын жазады. Оған дейінгі шолуда AERC 1 доллар бағамы 452 теңге болады деген болжам айтылған. Алайда маусым айында теңге құнсызданып, доллар бағамы көтерілгені белгілі.

Қазақстанның бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 5,1 пайызына жетуі ықтимал. Сәуір айындағы шолуда 4,7% деңгейінде қалыптасады деген болжам жасалған.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, биылғы 6 айда ел экономикасы 3,3 пайыз өсім көрсетті. 2024 жылы экономиканың өсу қарқыны былтырғымен салыстырғанда баяулаған. Оған көктемде Қазақстанның 10 облысын жайлаған су тасқыны мен мұнай өндірісінің қысқаруы себеп. Үкіметі биыл ел экономикасын 6 пайыз өсіруді мақсат тұтқан еді. Алайда қазіргі қалыптасқани жағдай бұл мақсаттың үдесінен шығуға мүмкіндік бермей тұр.

AERC-дан бөлек, Халықаралық валюта қорының да болжамы аса жағымды емес. Қор болжамына сүйенсек, Қазақстан экономикасы биыл 3,5% өсім көрсетсе, 2025 жылы 4,6%-ға өсуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз