«Астана» қаржы орталығы арқылы Қазақстанға 12 млрд доллар инвестиция тартылған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
АХҚО арқылы
АХҚО арқылы 12 млрд доллар инвестиция тартылды / Фото: aifc.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылғалы бері Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Бұл туралы қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров Президент қабылдауында айтты.

Тартылған инвестиция көлемі 2025 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен асып кеткен. АХҚО құрылғалы орталық қатысушылары бюджетке 115 млрд теңге салық төлеген. Оның 29,8 миллиард теңгесі осы жылдың бірінші жартыжылдығында түсті.

Ренат Бектұровтың айтуынша, салықтың өсуіне қаржы орталығына қатысушылар қатарының артуы мен компаниялар қызметінің жандануы себеп.

Жыл басынан бері қаржы орталығына жаңадан 500 компания тіркелген. Қазіргі кезде орталық қатысушыларының саны 3 мыңнан асқан. АХҚО юрисдикциясындағы компаниялар 7600-ден астам жұмыс орнын ашты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ренат Бектұровқа Қаржы орталығын одан әрі дамыту бағытында бірқатар міндет жүктеген. Атап айтқанда, ел экономикасына инвестиция тарту үшін АХҚО инфрақұрылымын белсенді пайдалана отырып, барлық мемлекеттік орган мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіру қажет.

АХҚО – Орталық Азия мен Шығыс Еуропа аймағындағы жетекші қаржы орталығы. Қаржы институты ретінде АХҚО бизнеске арнайы құрылған шарттар негізінде, атап айтқанда үздік халықаралық стандартты реттеу, дамыған қаржы инфрақұрылымы, тәуелсіз сот жүйесі, инновациялар және сараптама арқылы капитал тартуға көмектеседі.

Қаржы орталығы инвесторлар үшін капитал нарығының негізгі тетіктерін ұсынады. Бұған акцияларды бастапқы және қайталама орналастыру, акциялар саудасы жатады. Мемлекеттік, аймақтық және корпоративті облигациялар, тәуелсіз және корпоративті еурооблигациялар, депозитарлық қолхаттар, биржалық қорлар мен ноталар. Сондай-ақ жасыл, әлеуметтік, исламдық қаржыландыру құралдары кіреді.

2025 жылы қабылданатын Жаңа Салық кодексі жобасы салық жеңілдіктерінің қысқаруына, соның ішінде KASE және AIX биржалары үшін де жеңілдіктің қысқаруын және ҚР резиденттері үшін бағалы қағаздар мен дивидендтердің өсуіне 5%-дық салық енгізуді қарастырады.

АХҚО үшін жеңілдіктерді алып тастау жайлы ұсыныс, әсіресе, нарық қатысушыларын таңғалдырып отыр. Өйткені «Астана» халықаралық қаржы орталығы» туралы Конституциялық заңы бойынша жеке және заңды тұлғалар АХҚО қатысушы-компанияларының акциялары мен дивидендтерін сату кезінде құн өсімінен түсетін табысқа ЖТС мен КТС салығын төлеуден босатылады. Заңның бұл нормасы 2066 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылу керек.

Сондай-ақ оқыңыз