Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы ел азаматтығын жаңадан алған тұлғаларға әскери қызметті міндеттеу туралы заң жобасын енгізді.
Құжатқа сәйкес, алғаш есепке тұрған азаматтар Ресей Федерациясында әскери қызметті орындауға міндеттеледі.
Дума спикері Вячеслав Володин бастаған депутаттар тобы Ресей азаматтығын алған азаматтарға қатысты заң жобасын ұсынып, оны электрондық базада жариялаған.
«Заң жобасы Мемлекеттік Думаның көші-қон саясаты мәселелері жөніндегі комиссиясының жұмысы шеңберінде әзірленді. Ресей «жаңа азаматтарының» Отанды қорғау жөніндегі конституциялық міндетін орындауға бағытталған», – делінген түсіндірме жазбада.
Мәтінге сәйкес, әскери есепке алғашқы қою бойынша міндеттерді орындамау Ресей Федерациясының азаматтығын тоқтатуға негіз бола алады. Сондай-ақ ішкі істер органдары Ресей Федерациясының азаматы ант бермес бұрын ер азаматтар туралы ақпаратты әскери есепке алу тізіліміне ұсынуға міндетті болады.
Мемлекеттік Думаның спикері Вячеслав Володин мигранттарды әскери есепке қою туралы заң жобасын дайындауды ұсынған. Заң күшіне енген сәтте Ресей Федерациясы азаматтығын алу кезінде әскери есепке қою іске асырылады. Азаматтықты сатып алғандар әскери қызметті 12 ай емес, екі жыл өтейді.
Әскерге шақыру жасы Ресей азаматтығын алуға үміті бар мигранттарға әсер етеді. Нақты қай жастан қай жасқа дейін өзгеріс болатыны айтылмады. Қазір 18-30 жас аралығындағы ер адамдар әскери қызметке шақырылады.
15 шілдеде Ресей Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары үшін бейімделу курсын әзірлеген. 70 минутқа созылатын курста азаматтар РФ еңбек заңнамасы, мінез-құлық ережелерімен танысады. Оның ішінде әйелдер мен ерлерге ысқырмауға және «ағасы» немесе «әпке» деп шақырмау туралы кеңестер ұсынылады.
Курс төрт бөліктен тұрады: «Ресей Федерациясының көші-қон және еңбек заңнамасының негіздері», «Ресейдегі бейресми мінез-құлық негіздері», «РФ заңнамасын сақтамағаны үшін жауапкершілік», «Ресей мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынастары туралы тарих».