Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Самат Ескендіровке ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Самат Ескендіровтің ісін Ақмола облысы Көкшетау қалалық соты қарап жатыр. Жәбірленуші тарап ретінде Ақмола облысы Бурабай ауданы Ақылбай ауылының ондаған тұрғыны танылған.
Сот қаулысында экс-әкімге Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағымен айып тағылып отырғаны жазылған. Бұл бап бойынша аса ірі көлемде алаяқтық жасау істері қаралады. Айыпты деп танылған жағдайда мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынып, 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Сот ашық режимде өтіп жатыр. Ескендіров қазір бостандықта, дегенмен сот оның аймақтан шығып кетуіне тыйым салған.
Самат Сапарбекұлы Ескендіров Көкшетау облысында дүниеге келген. 2011-2012 жылдары Сенат депутаты, 2013-2014 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарған. «Құрмет» орденінің иегері.