Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Jusan Bank-тің 77,86% үлесіне иелік ететін First Heartland Securities брокерлік компаниясына 11 млн теңге айыппұл салды.
Себебі қаржы ұйымы Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы ел заңын орындамаған. Сондықтан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 208-бабының 3-тармағы бойынша 11 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Бұзушылық мәні – Әкімшілік құқық бұзушылық банктің кредиттік тарих субъектісінен алынған мәліметтерін кредиттік бюроға уақытында бермеуі», – деп жазылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің сайтында.
Айта кететіні, First Heartland Securities компаниясы Jusan Bank-тің 77,86% акциясына иелік етеді. Оның жалғыз акционері – кәсіпкер Ғалымжан Есенов. Ол Jusan Bank-тің тағы 19,67%-ына тікелей иелік етеді. Ол өткен жазда Алматы прокуратурасының Jusan Bank-ті Қазақстан юрисдикциясына қайтаруын талап еткен сот процесінен кейін британдық Jusan Technologies компаниясынан First Heartland Securities-тің 100% үлесін алған.
Компанияның веб-сайтында қаржы ұйымы брокерлік қызмет көрсетіп, корпоративтік облигацияларды орналастырады және қаржылық кеңес береді деп көрсетілген.
Бұған дейін Jusan Bank-тің басқарма төрағасы ауысты. Арман Мангитовтың орнына төрағаның міндетін атқарушы болып Алан Жабаев тағайындалды.