2024 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері бір ай бұрынғымен салыстырғанда 0,29%-ға, жыл басындағымен салыстырғанда 11,1%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі хабарлады.
Осылайша Қазақстанның халықаралық резервтері 39,9 млрд долларға жетті.
Таза халықаралық резервтер 2024 жылғы мамырдың соңында 37,8 млрд доллар болған. Көрсеткіш 0,06%-ға өсіп, 37,9 млрд долларға жетті.
Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жалпы валюталық активтері 61,5 млрд долларды құрап, мамырмен салыстырғанда 0,87%-ға, жыл басынан бері 2,44%-ға өсті.
Еске сала кетсек, Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 2024 жылдың қаңтарында 706 млн долларға өсті. Осылайша оның жалпы көлемі 36,67 млрд долларды құраған еді.
Алайда елдің халықаралық резервінің жеткіліктілік деңгейі 2020 жылдан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. 2023 жылдың соңында халықаралық резерв көлемі 36 млрд долларды құрады. Бұл Қазақстанның 6 айлық импортын жабуға жеткілікті. Halyk Finance сарапшылары еліміздің қоры көрші елдермен салыстырғанда біршама аз деп тұжырымдайды.