2024 жылғы маусым айының соңында төл валюта бағамы 5,5%-ға құнсызданып, 1 доллар үшін 471,8 теңгені құрады. Бұл ретте Мәскеу биржасына қарсы санкциялар енгізу туралы жаңалықтар биржадағы саудаға ықпал етті. Осының салдарынан долларға деген сұраныс күрт атты.
Шілдеде ұлттық валюта 472-479 арасында құбылып барып, 1 доллар үшін 475 теңгеге тұрақтады.
KASE мәліметіне сүйенсек, 31 шілде күнгі сауда-саттықтың қорытындысы бойынша АҚШ долларына қатысты сауда көлемі төмендеп, 128,346 млн долларды құрады. 30 шілде бұл көрсеткіш 141,089 млн доллардан асқан еді. Экономист Бауыржан Шурманов биржадағы сауда динамикасын нарық қатысушылары белсенділігінің төмендігімен түсіндірді.
«2024 жылдың шілдесінде теңге өткен айлардағы елеулі ауытқулардан кейін салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды. Бұл нарықтағы белсенділік пен сауда көлемінің төмендеуінің салдары болды», – деген сарапшы шілдеде теңге бағамына әсер еткен негізгі факторларды атады.
Оның ішінде мұнай бар. «Қара алтын»– Қазақстанның негізгі экспорттық тауары. Экономист шикізат бағасының төмендеуі теңгеге қысым жасағанын айтады.
«Мұнай бағасы құбылғанымен, шілдеде барреліне 80 долларға жақын деңгейде болды. Одан кейін теңгеге сыртқы экономикалық жағдайлар ықпал етті. АҚШ пен Еуроаймақ сияқты батыс елдеріндегі рецессияға қатысты болжам белгісіздік тудырды. Сондай-ақ қаржы нарықтарына, соның ішінде валюта бағамдарының құбылмалылығына ықпал етті», – деді сарапшы.
Бұған қоса экономист теңгеге ішкі экономикалық факторлар, оның ішінде валютаға сұраныс және Ұлттық банкінің тұрақты ақша-несие саясаты әсер еткенін айтады.
«Осылайша, күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан, ұстамды ішкі саясат пен елеулі экономикалық күйзелістердің болмауына байланысты теңгенің айырбас бағамы 2024 жылғы шілдеде салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды», – деп түсіндірді Бауыржан Шурманов.
Алдағы уақытта теңге бағамына аталған факторлармен қатар Ұлттық қордан аударылатын трансферттер көлемі сынды фактор ықпал етуі мүмкін.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы маусымда теңге бағамы құбыла бастады. Мәскеу биржасына санкция салынған соң рубль да құнсызданып, кейін қалпына келді. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Ресей Федерациясындағы шектеу шаралары KASE-ге айтарлықтай әсер етпейтінін айтты.