Жапония банкі пайыздық мөлшерлемені көтерді
Жапон банкі 2024 жылдың 31 шілдесінде екі күндік кеңестен кейін өзінің негізгі пайыздық мөлшерлемесін 0-0,1%-дан 0,25%-ға дейін көтерді деп хабарлады реттеуші мәлімдемеде.
Орталық банк басшылары коммерциялық банктердің депозиттері бойынша қысқамерзімді мөлшерлемені осылайша көтеруді бірауыздан қолдады.
Сарапшылар базалық мөлшерлеме өсетінін болжамаған еді деп хабарлайды Trading Economics.
Bloomberg дерегінше, аталған ел 1990 жылдан бері инфляциямен күресіп, 2007 жылдан бері екінші рет мұндай қадамға барып отыр.
Жапония банкі сондай-ақ ақша-несие саясатын қалыпқа келтіру үшін 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында ай сайынғы мемлекеттік облигацияларды сатып алуды қазіргі 6 трлн иеннен 3 трлн иенге (20 млрд доллар) дейін азайтатынын мәлімдеді.
2024 жылдың тамыз айынан бастап Жапонияның Орталық банкі бір сессияға 400 млрд иен болатын бес және он жылдық бағалы қағаздарды сатып алу ұсыныстарын орналастырады. Қазір бұл көрсеткіш 400-550 млрд иенді құрайды.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы наурызда Жапония мөлшерлемені көтерді. Жапония Банкі 16 жыл бойы ставканы нөлден де төмен түсіріп, тым жұмсақ ақша-несие саясатын жүргізді. Сол арқылы қарыз алу мен несиелеуге серпін беру және елдің тоқырау экономикасын ынталандыруды мақсат етті. Бәлкім, осы саясаттың жемісі болар, соңғы уақытта жапон экономикасы үлкен өсім көрсетті. Ұзақ жылдар бойы төмен деңгейде қалған инфляция жеделдеді.