«Қазгидромет» Қазақстанның 13 облысында дауылды ескерту жариялады. Кей өңірлерде +40 градусқа дейін ыстық болып, шаңды дауыл тұрып жаңбыр жауады.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында найзағай ойнап, желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Күндіз облыстың оңтүстігінде 36 градус қатты ыстық болады. Сондай-ақ облыс бойынша жоғары өрт қауіпі бар.
Ұлытау облысының батысында 35-37 градусқа дейін күн ысиды. Облыстың басым бөлігінде жоғары өрт қауіпі сақталады, Жезқазған қаласында күндіз 35 градус қатты ыстық күтіледі.
Қарағанды облысының солтүстік-батысында найзағай ойнап, оңтүстік-батыстан екпіні 15-20 м/с жел соғады. Облыстың солтүстік-батысында және оңтүстігінде жоғары өрт қауіпі бар.
Күндіз Түркістан облысының тауларында найзағай ойнап, кейбірі аудандарында екпіні 15-20 м/с жел соғады. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қауіпі сақталады.
Жетісу облысының таулы аудандарында нөсер жаңбыр жауады. Облыстың шығысы мен орталығы, таулы аудандарында найзағай ойнап бұршақ жауады. Қатты жел тұрады. Облыстың шығысында, таулы аудандарында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні – 15-20 м/с.
Ал Қызылорда облысының шығысы мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Күндіз 40 градусқа дейін қатты ыстық болады деген болжам жасалған..
Батыс Қазақстан облысында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл күтіліп отыр. Оңтүстік-батыс бағытта жел екпіні 15-20 м/с болады. Орал қаласында қатты жаңбыр, найзағай ойнап, бұршақ жауады.
Атырау облысының батысы мен солтүстігінде найзағай соғып, оңтүстік-батыс бағытта желдің күші 15-20 м/с дейін жетеді. Облыстың оңтүстік бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Сондай-ақ оңтүстік-батыс бағыттан соғатын желдің күші 15-20 м/с болады.
31 шілдеде Ақтөбе облысында оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың батысында жел екпіні – 15-18 м/с болады. Күндіз облыс аумағында 35-37 градус шамасында қатты ыстық болуы ықтимал. Облыстың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында жоғары өрт қауіпі сақталады.
Маңғыстау облысының солтүстік-батысында найзағай жарқылдап, оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың солтүстігінде желдің екпіні 15-20 м/с болатыны айтылған. Күндіз облыстың басым бөлігінде 38-40 градус қатты ыстық күтіледі.
Бұған дейін жер бетінде техниканың дұрыс жұмыс істемеуіне және күннің ысуына әсер ететін магнит дауылы басталғанын жазғанбыз. Магнит дауылы – Жердің магнит өрісіндегі қалыпты жүруін күрт бұзатын және бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылатын жойқын күш. Олар ғарыштық ауа райына байланысты – бұл күн алауынан туындаған өзгерістер. Олар жердегі спутниктік және басқа технологияларға, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына әсер етуі мүмкін.