Жаңалықтар

Елена Рыбакина Олимпиада ойындарына қатыса алмағаны үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады

Елена Рыбакина извинилась перед казахстанцами за то, что не смогла участвовать в Олимпийских играх
Елена Рыбакина ауруына байланысты Париждегі Олимпиадада өнер көрсете алмаған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ауруына байланысты Париждегі Олимпиадада өнер көрсете алмағаны үшін жанкүйерлерден кешірім сұрап, әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады.

«Құрметті жанкүйерлер, Отандастарым!

Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмағаным өте өкінішті.

Мен командамен бірге белсенді дайындалдып, өкінішке қарай, дәл жарыс басталар алдында сырқатанып қалдым. Дене қызуым қатты көтеріліп, тыныс алуым да қиын болды, дәрігерлер менің кортқа шығуыма қатаң тыйым салды. Барлық қазақстандық жанкүйерлерден үміттеріңіз бен сенімдеріңізді ақтамағаным үшін кешірім сұраймын! Бұл жағдай өзіме де қатты тиді, өйткені мен Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп дайындалдым.
Токиода өткен Олимпиадада жүлдеге қол жеткізу үшін маған сәл ғана жетпеді. Сол сәтсіздіктен кейін де жетістікке жеткім келген. Алдағы уақытта көп ұзамай кортқа қайта оралатыныма сенемін.

Барлық отандастарыма алғысымды білдіргім келеді, өйткені әлемнің қай түкпірінде ойнасам да сіздер маған әрқашан айтарлықтай қолдау көрсетесіздер. Стадиондарда көк байрағымызды көріп әрқашан қуанамын», – деді Рабакина.

Сондай-ақ Олимпиададағы сәтсіз өнер көрсеткен теннис құрамасына Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев баға берді:

«Әрине, біз күткендей нәтиже болмады. Біздің спортшылар халықаралық олимпиада комитетінің ережесіне сәйкес алты лицензияға қол жеткізді. Ерлер мен әйелдер арасында жекелей сында екі-екіден лицензия болды. Елена Рыбакинаның жарыстан бас тартуы бізді тығырыққа тіреді, өйткені одан үмітіміз мол еді, Олимпиада ойындарына белсенді түрде дайындадық. Міне, сол үшін Елена сәуірде топырақ төсенішіндегі кортта ойнады, олимпиада алтыны үшін негізгі қарсыласы, әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті бірнеше рет ұтқан. Өкінішке қарай, сырқатына байланысты біздің жоспарымызды жүзеге аспады. Олимпиаданың теннис бағдарламасы біз үшін аяқталды, енді ойындарды қорытындылап, қателіктермен жұмыс істейтін боламыз», – деді Досқараев.

Олимпиадалық құрамада неге тек легионерлер

Сонымен қатар әлеуметтік желіде Қазақстандық жанкүйерлердің басым бөлігі теннистегі легионерлерге көңілі толмай, «неге өзіміздің жергілікті ойыншыларымызды шығармайды» деген пікірлер жазған.

«Олимпиадалық құрамада неге тек легионерлер? Біздің өз теннисшілеріміз қайда?» деген сұрақтарға да федерацияның вице-президенті жауап берді:

«Теннисте олимпиадалық лицензия жеке теннисшіге беріледі. Қазақстан төлқұжаты бар әр ойыншы ай сайын түрлі жарыстарға қатысып, жеке өз басы үшін рейтингілік ұпай жинайды. Содан кейін олар өзінің жеке рейтингіне сәйкес Олимпиадаға жолдама алады немесе лицензияға қол жеткізе алмайды. Олимпиадаға қай теннисшінің баратынын федерация емес, Халықаралық олимпиада комитеті шешеді. Екіншіден, теннис біздің елде 17 жыл бұрын ғана қолға алынды. Алғашқы 5 жылда федерация болашақ табыстарға негіз қалады, елде теннис орталықтары ашылып, олардың саны бүгін 38-ге жетіп отыр. Талантты балалар тенниске белсенді тартыла бастады. Солардың ішінде қазір Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Даниал Рахматуллаев, Асылжан Арыстанбекова, Ева Корышева сияқты жастарымыз жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, алғашқы қадамдарын жасап жатыр .Олимпиадаға лицензия алуы үшін оларға әлі кемінде 3-4 жыл керек. Өз теннисшілерімізді дамыту біз үшін басым бағыт болып есептеледі. Бірақ оларғада үлгі болатын жеңімпаздар болуы керек», – деді Досқараев.

Айта кетейік, бұған дейін Рыбакина Франциядағы Олимпиада ойындарына қатыса алмағаны үшін сынға ұшырады. Одан бөлек, тағы бір теннисші Юлия Путинцева да тізесінің ауыр жарақатына байланысты Олимпиадаға қатыса алмады.