Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» киностудиясы президенті қызметінен кетті
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды қызметінен кетті. Бұл ақпаратты актер «Курсив» корреспондентіне растады.
Журналистерге берген жауабында ол Қытайдағы үлкен жобаға қатысатынын, сол себепті қызметінен кетіп бара жатқанын айтқан.
Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті Азамат Сатыбалдының қызметінен босатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды», – деп жауап берді «Курсивтің» сауалына министрліктің баспасөз қызметі.
Азамат Сатыбалды бұл қызметке 2023 жылдың 28 шілдесінде тағайындалған болатын. Яғни актер киностудияны дәл бір жыл басқарған. Ал оған дейін «Қазақфильм» киностудиясына режиссер Ақан Сатаев басшылық етті. Сатаев бұл орында 2020-2022 жылдар аралығында отырды. Оның киностудиядағы қызметінен кеткені 2022 жылдың күзінде белгілі болды. Азамат Сатыбалды тағайындалғанға дейін бұл орын 10 ай бойы бос тұрған. Ал Сатаевтың алдында киностудияны бір жыл актер Арман Асенов басқарған.
Сатыбалды басшылық еткен тұстағы даулы оқиға туралы
Азамат Сатыбалды киностудия президенті болған бір жыл ішінде «Қазақфильм» аумағын пайдалануға қатысты даулы оқиға болды. Киностудияда жұмыс істейтін кино мамандары атақты фильмдерімен даңқы шыққан киностудияның «автобазарға айналғанын» айтып шағымданды.
«Мен Азамат Сатыбалдыны қудалап отырған жоқпын. Мені киностудияның жағдайы алаңдатады. Азаматтық қызметкерлердің 30 пайызы ақысыз демалысқа жіберілді. Бұрын павильонның құны 200 мың теңге болатын, қазір 750 мыңға көтерілді, прокат бағасын 100 пайызға өсірді. Олар «Қазақфильмге» жанашырлық танытатындардың барлығын шығарып жатыр», – деп мәлімдеді киностудияда жұмыс істейтін актер Қуандық Дүйсембаев.
Ал Азамат Сатыбалды мекемеде жұмыс істейтін 178 адамның айлығын тауып беру үшін «Қазақфильм» алаңын жалға бергенін айтқан.
«Қазақфильм» президенті ретінде менің басты міндетім – 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыстар жасаймын ба ол менің міндетім. Бұл – кәдімгі таксопарк. Ешқандай көлік сатылмайды, бұл автосалон емес», – деп жауап берді актер.
Артынша бұл мәселеге қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді. Ол киностудияға қатысты жүйелі мәселелер бар екенін, оған қатысты заңнамалық шаралар қабылданатынын айтты.
«Аты аңызға айналған «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқы көп ұзамай оралатынына сенімдімін. Алдағы уақытта сапалы фильмдер түсіріп, көрерменді қуанта береді деп ойлаймыз»,– деп мәлімдеді министр.