Энергетика саласын цифрландыру әрі энергетикалық секторға жаңа технологияларды енгізу электр энергиясының арзандауына әсер етеді. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрлігінің вице-президенті Бақытжан Ілияс айтты.
«Цифрлық жүйелерсіз энергияны есепке алу, іс жүзінде, мүмкін емес. Өйткені энергия ресурсын бір нүктеден екінші нүктеге дейін жеткізу үшін есепке алу керек. Сонымен бірге орынсыз ысырап болмауы үшін де сала цифрлануға тиіс. Дұрыс есептеу үшін мұның бәрі онлайн іске асырылуы керек. Мәселен, бұрын желілерде электр энергиясының ұрлануы жиі кездесетін, содан кернеу төмен болатын. Ал цифрлық технологиялар желілердегі осындай кемшіліктерді болдырмайды», – дейді министрлік өкілі.
Сондай-ақ цифрландыру нәтижесінде абоненттер электр энергиясын тұтынуға қатысты мониторинг жүргізуге мүмкіндік алатыны айтылды. Яғни сала цифрланса, тұтынушылар өздері жұмсаған электр энергиясының көлемін бақылай алады.
«Энергия ресурстарын цифрлық есепке алу энергия үнемдеудің ең оңтайлы жолы», – дейді вице-министр.
Министрлік өкілінің айтуынша, энергоресурстарға жеңілдікті тарифтер алу процесі де автоматтандырылады. Солардың бірі – халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған атаулы әлеуметтік көмек көрсету процестерін цифрландыру.
«Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тарифтер сараланады. Біз ресурспен жабдықтаушы ұйымдардан жеңілдікті тарифтерді алу процесін автоматтандыруды қамтамасыз етеміз», – дейді Ілияс.
Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі энергия ресурстарының цифрлық есебін енгізу, энергия ресурстарын бөлу процестерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Бүгінгі таңда бұл процестердің барлығы жай форматта қолжетімді. Жыл соңына дейін нарықтың барлық қатысушыларына цифрлық ортада өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін бірнеше сервисті енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді энергетика вице-министрі.
Сондай-ақ осы жылы барлық салалық деректерді жинауды және өңдеуді қамтамасыз ететін отын-энергетика кешенінің ситуациялық-талдау орталығы құрылады. ЖИ элементтерін пайдаланудың арқасында салалық деректер негізінде модельдеу және болжау мәселелері пысықталады.
Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі мұнайдың цифрлық есебін жүргізу үшін субъектілерге датчик орнататыны туралы бір жыл бұрын хабарланды.
Энергетика саласының цифрлық трансформациясы 2 кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде бірнеше модуль, оның ішінде электр энергиясын жеткізушіні өзгерту функционалы бар «Электр энергиясын тұтынушыларға арналған цифрлық кабинет» модулі іске қосылады. Осы модуль пәтер иелеріне электр қуатын жеткізушілерді таңдау мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ елімізде мұнай кен орындары және жанар-жағармай өндіру, тасымалдау, сату нысандары да цифрландырылатыны айтылған еді.