Тасқын судан зардап шеккен кәсіпкерлерге 5,8 млрд теңге көлемінде өтемақы төленеді

Жарияланды
Мемлекет су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын тамыз айының соңына дейін өтеп береді / Коллаж: kursiv.media; биль-редактор: Ахтам Зиперов

Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның 5,8 млрд теңгесі 374 кәсіпкерге төленеді. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің 82,1%-ының өтініші мақұлданған.

«Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің мүліктік шығындарын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдар ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша ШОКС тарапынан 9,3 млрд теңге сомасына 455 өтінім келіп түскен, оның ішінде 374 өтінім (82,1%) 5,8 млрд теңгеден астам сомаға мақұлданды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бүгінде өтемақы алуға өтініш берген 222 кәсіпкерге 2,2 млрд теңге көлемінде қаражат төленген.

Министрліктің хабарлауынша, кәсіпкерлер ең көп зардап шеккен аймақ – Атырау облысы екен. Бұл өңірде 215 кәсіп иесінің өтініші мақұлданған. Оларға 2,1 млрд теңге көлемінде өтемақы төленеді. Ал Батыс Қазақстан облысында 2,5 млрд теңгеге 40 өтінім кеп түссе, Солтүстік Қазақстан облысында 901,8 млн теңгеге 44 өтінім, Қостанай облысында 206 млн теңгеге 35 өтінім түскен. Ал ең аз зардап шеккен өңірлер – Ақтөбе мен Ақмола облыстары. Ақтөбе облысының 24 кәсіпкеріне 366 млн теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім шығарылған. Ал Ақмола облысынының 16 субъектісіне 61,1 млн теңге көмек көрсетіледі.

Министрлік тасқын судан сауда объектілері, қоғамдық тамақтану орындары, демалыс базалары мен қонақүйлер, басқа да секторлар зардап шеккенін айтып отыр.

«Мақұлданған өтініштердің 70%-дан астамы дүкендер, сауда үйлері мен базарлар. Ал 4%-ға жуығы қоғамдық тамақтану нысандары, 4%-ы өнеркәсіптік және азық-түлік тауарларын өндіру нысандары, 3%-ға жуығы қонақүйлер, демалыс базалары және өзге де бизнес объектілері», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Өтемақы туралы өтінімді өңірлік комиссия 5 жұмыс күні ішінде қарап, қаржыландыру жеткілікті болған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде төлем жүргізеді.

Ал өтінімдері мақұлданған қалған кәсіпкерлерге өтемақы тамыз айының соңына дейін толық төленеді. Егер кәсіпкерледің зардап шеккен нысандарына күрделі жөндеу әрі реконструкциялау қажет болса, оған қаражат сараптама және жобалық-сметалық құжаттама негізінде төленеді.

Еске сала кетсек, 25 шілде күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің үштен бірі ғана өтемақы алғанын айтты. Қаражат өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінгенімен, өтініш берушілердің үштен біріне ғана жеткен. Осыған байланысты вице-премьер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулерін назарға ала отырып, бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.

Ал бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірлеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз