Алакөл – тұзды ағынсыз көл. Ол Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан. Бұл ауыл көптен туристік аймаққа айналған. Соған байланысты мұнда бизнес те дамып келеді. Kursiv Media тілшісі туристік аймаққа барып, ішкі туризм қаншалық қолжетімді екенін білу үшін бағалармен танысып қайтты.
Алакөлде биыл адам көп. Мұндағы басты кәсіптердің бірі – жалдамалы жатақ орын. Клиенттің сұранысы мен қалтасына қарай кәсіп өкілдері түрлі нұсқа ұсынады. Мысалы, тәулігіне 18 мың сұрайтын пансионаттар бар.
«Радуга» демалыс орнында бір бөлменің жалдау құны тәулігіне адам басына 10 мың теңгеден басталады. Оған үш мезгіл тамақ та кіреді. Бөлмелерде теледидар, тоңазытқыш пен желдеткіш те бар.
Жазғы демалысты Алакөлде өткізуге келген бір қонақ адам басына 17 мың теңгелік пакетті алған екен. Ол мұндағы демалыс көңілінен шығып жатқанын айтты.
«Үш мезгіл тамағы бар. Барлық жағдай жасалған. Кешке дейін шомылып келіп, кешке аулаға шығып билейміз. Өзімізге қатты ұнады. Келіншегім және балаларыммен келдім. Келер алдын 500 мың теңгеге ыңғайлайтын болып шештік. Сол ақшаның әлі жартысын да жұмсап біткен жоқпыз», – дейді ол.
Ал жайлырақ әрі әдемі жерде тұрғыңыз келсе, комфорт үлгідегі бөлмелер да бар. Мысалы, екі адамдық бір төсек пен бір адамдық кішкентай төсегі бар, душ пен шкафтары, техникасы бар әрі жаңа үлгідегі жөндеу жасалған Aquamarine resort бөлмесі тәулігіне 52 мың тұрады. Бірақ бұл бағаға тамақ кірмейді. Тұрғындар отель ішіндегі асханаға кіріп, ұнаған асын таңдап алып, ақысын төлеуі керек. Отель әкімшісі баға айырмашылығын клиенттердің көптігімен түсіндірді.
«Биыл жазда келушіміз көп. Шетелден келіп жатқандар, оның ішінде Америка мен Ресейден келіп жатқандар да бар. Соған орай бағалар да өседі. Бірақ тамыздың 15-інен кейін баға қайта төмендей бастайды», – дейді ол.
Алакөлде 1 шілде мен 15 тамыз аралығы – маусым қызатын кезең. Бұл кезде мұнда баға да көтеріледі. Тамыздың екінші жартысында баға 15-50%-ға дейін төмендейді. Шомылу маусымы қыркүйекке дейін жалғасады.
Мұнда пансионат пен резорт-отельден бөлек, жекелеген үйлері, аулалары мен бақшасы бар демалыс орны да бар. Бұл жердегі ең үлкен үй – аумағы 100 шаршы метр болатын 3 қабатты коттедж. Оны жалдау құны – күніне шамамен 90 мың теңге. Ал екі адамдық нөмір 24 мың теңге тұрады. Бұл ақшаға тамақ кірмейді. Алайда бұл бағаға катердің жолақысы кіреді. Отель жағажайдан алшақ орналасқандықтан, жағажайға дейін отель күн сайын қонақтарды катер арқылы тегін тасымалдайды. Сонымен қатар жалдау ақысына балаларға арналған тегін аниматорлар бағдарламасы, кешкі кинотеатр, ойын алаңдары мен теміржол вокзалына апарып-алып келу кіреді. Ал үш мезгіл тамаққа қонақ қалтасынан қосымша шамамен 7-8 мың теңге шығаруы керек болады.
Алакөлде бүгінде төрт жұлдызды қонақүй де жұмыс істеп тұр. Бұл – максимал жайлы демалыс өткізгісі келетіндерге арналған нұсқа. Мұнда бір нөмірді жалдау құны тәулігіне 75 мыңнан басталып, 180 мыңға дейін жетеді. Сауна, SPA қажет, кір киімді жуып беретін қызмет пен жеке терасса бар. Қажет десеңіз, осы жоғары сегментті таңдауға да болады. 100 мыңнан жоғары сомаға люкс үлгідегі коттедж жалдауға да болады. Жалдау құнына таңғы ас та кіреді.
Алакөлде әлі де жанармай бекеті жоқ, әжетхана мен қоқыс жәшіктері жоқ. Жағалауда қоқыстың көп екеніне шағымданғандар да көп болды. Аймақта электр энергиясына қатысты да мәселелер бар. Алайда сұхбат берген бизнес өкілдерінің дені жалдамалы орындар адамға толы екенін айтты. Тек жатын орын емес, қазір Алакөлде жағалаудағы шағын бизнес те қызып тұр. Үрлемелі жилет, ойыншық пен тағы басқасын сатып, шезлог пен тапшанды жалға беріп, қонақтарды 10 минут қайықпен серуендетіп табыс тауып жүргендер де көп. Кәсіпкерлер тек осы жағалауда жүріп, кәсіп жасап-ақ, бір айда 1-3 миллион теңге табуға болатынын айтады. Демек келуші көп, сұраныс бар. Бұған қоса олар кейінгі жылы жол жөнделіп, Алакөлге жету оңайырақ бола түскенін айтты.