Lifestyle

ҰБТ-дан 1 балл алған бала Түркияның 10 университетіне шақырту алу үшін жарнама жасаған

ҰБТ-дан 1 балл алған түлек 10 түрік университетіне шақырту алды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ерасыл Уәлиев – 2024 жылғы жұлдызды түлек. Ол ҰБТ-дан 1 балл алып, желіні шулатты. Ал таяуда ол әлеуметтік желідегі парақшасында осындай ҰБТ нәтижесіне қарамастан, Түркияның 10 университетінен шақырту алғанын хабарлады. Kursiv Media тілшісі талапкерге хабарласып, осы жайлы сұрады.

Ерасыл Уәлиевтің айтуынша, ол Түркиядағы университеттерге түсу үшін Қазақстанда жаңадан ашылып жатқан білім беру компаниясымен келісімшарт жасасқан. Оның сөзіне қарағанда, компания жігіттен олардың қызметін жарнамалап беруді сұраған.

Бір күні Instagram арқылы бір білім беру компаниясы хабарласып, өз қызметтерін ұсынды. Олар Қазақстан түлектеріне Түркиядағы оқу орындарына түсуге көмектеседі, жақсы оқу бағдарламаларын тауып береді, грант мүмкіндіктерін ұсынады. Маған да сол қызметті ұсынып, нәтижені әлеуметтік желіге салып, жарнама жасап беруімді сұрады. Компания қызметкерлері құжат тапсыруға көмектесті. Бірнеше университет пен бірнеше мамандық ұсынды, соның арасынан таңдап, өтініш жіберіп көрдік. «Қазір, расымен, Түркияның 10 университетінен шақырту алдым. Базадан есімім шығып тұр», – дейді ол.

Ерасыл парақшасында қай университетке қай мамандық бойынша түскенін тізім етіп шығарған:

  • Özyeğin University: Жасанды интеллект
  • OSTİM: Авиация және ғарыш техникасы
  • Final University: Стоматология
  • Antalya Bilim University: Сәулет
  • World Peace University: Бағдарламалау
  • Domus University: Ойын дизайны
  • KOSTU: Бағдарламалау
  • Вeykent University: Актерлік шеберлік

Алайда Ерасыл Түркияда оқығысы келмейтінін, мұндай жоспары жоқ екенін айтты. Ол бұған дейін ҰБТ-ны екі рет – 12 және 30 маусымда тапсырып, бірінші рет 93 балл жинағанын айтқан еді. Оның еншісінде әзірге Словакия университетінің гранты бар. 

«Негізі Қазақстандағы университеттерге де сол бірінші ҰБТ нәтижесі бойынша грант конкурсына өтініш беріп қойдым. Жауабын қарап, не істейтінімді көре жатармыз. Бірақ бәрібір Словакияға кететін шығармын. Себебі бұл ел Шенген аумағына кіреді. Словакияға барып, әлем аралау мүмкіндігіне ие боламын. Сондықтан әзірге осы нұсқа ұнап тұр», – дейді ол.

Қазір Ерасыл әлеуметтік желіде өте белсенді. Қазірдің өзінде оның TikTok парақшасына 11 мың, ал Instagram парақшасына 7 мыңға тарта адам тіркелген.

Бұған дейін ҰБТ-дан 1 балл алып желіні шулатқан жұлдыз түлекті СДУ университеті қонақ етіп, кофеге шақырғанын жазған едік. Ерасыл бұдан кейін елдегі өзге университеттер оны шақырмағанын да айтты.