«Парасат» альянсы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын таратуды ұсынды
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының бизнеске пайдасынан гөрі зияны көп. Өйткені кәсіпкерлердің мүддесін қорғау да, қолдау да айтарлықтай байқалмайды. Осылай деп шағымданған «Парасат» Кәсіпкерлер альянсының Үйлестіру кеңесі Үкіметке «Атамекен» ҰКП-ның жұмысын өзгерту немесе тарату туралы петиция жолдады.
Петиция жариялаған наразы топ «кәсіпкерлер есебінен күн көріп отырған пайдасы жоқ құрылымды тарататын кез жетті» деген уәж айтады.
«Өздеріңіз білетіндей, бір кәсіпкерлік субъектісіне шаққандағы міндетті мүшелік жарнаның орташа мөлшері 387 660 теңгені құрайды, жылына 11 186 760 теңге. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бизнестен түсетін алымдар сомасы жылына ондаған миллиард теңгені құрайды», – делінген петиция мәтінінде.
Петиция ҚР Үкіметінің, сондай-ақ Парламент Палаталарының атына жолданды. Онда «Президент мақсаттарын іске асыруда бизнес-қоғамдастықты мемлекеттің серіктесі ретінде» қарастыру, мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесу тәсілдерін өзгерту ұсынылған. Сондай-ақ барлық кәсіпкерлік субъектісі үшін мүшелік жарналарды толығымен алып тастау талаптары да айтылған.
«Президент 2023 жылғы 12 қыркүйекте бизнес өкілдерімен кездесуде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы қызметінің мәселелеріне жеке тоқталды. Оның негізгі міндеті – бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың негізгі өзегі болу екенін атап өтті. Палатаны трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет. Палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс деп айтқан болатын. Петициямызда мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимыл тәсілдерін өзгерту, сондай-ақ «Атамекен»Ұлттық палатасын трансформациялау мәселелері бойынша жұмыс тобын немесе комиссия құруды сұраймыз», – деп мәлімдеді «Парасат» Кәсіпкерлер альянсының Үйлестіру кеңесі.
Үйлестіру кеңесі ұлттық палата жұмысын түбегейлі өзгертуді сұрайды. Оның ішінде, әсіресе, міндетті мүшелік жарналарды алып тастау талабына басымдық беріп отыр. Тиімділігі мен ашықтық мәселесі тағы бар.
«Атамекен» Ұлттық палатасын трансформациялау мүмкін болмаса, біз палатаның жұмыс тиімділігінің өте төмен екенін және шамадан тыс жүктеме барын алға тартып, «Атамекен» Ұлттық палатасы туралы Заң негізінде оны таратуды ұсынамыз», – деп жазды петиция авторы.
«Парасат» Кәсіпкерлер альянсы ҰКП-ның әртүрлі басқару органдары арасындағы мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін басшылық ететін орган екеу болған, яғни төралқа мен басқармадан. Алайда кейін олардың лауазымдары біріктірілген. Петиция авторлары бұл шешім ұлттық палатаның болашағы мен ықпалына кері әсерін тигізді деп санайды.
Бұл мәселені бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Мемлекет басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялауды сол кезде тапсырған. Мемлекет басшысы палатаны трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуы тиіс деп атап өтті.
2023 жылы тамыз айында Қазақстан кәсіпкерлері ” Атамекен « Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына балама болатын» Парасат ” кәсіпкерлер Альянсының құрған болатын. Кәсіпкерлер альянсын құруға қатысты бастамашылық жасаған «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің бұрынғы төрағасы, «Қазақстан химия өнеркәсібі одағы» АҚ басқарма төрағасы Олег Пак. Кәсіпкерлердің пікірінше «Атамекен» ҰКП қажетті деңгейде кәсіпкерлердің артқан сенімін ақтай алмаған. Бұл ұйым тек экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті кәсіп түрлерін ғана дамытуға ынталы.