Жаңалықтар

Бір ай ішінде халықтың 19 млн теңгесін жымқырып үлгерген ресейлік шекарада ұсталды

Күдікті Қырғызстанға қашпақ болған жерінен ұсталды / Фото: архив kursiv.media 

Бір ай бойы өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының маманы ретінде таныстырып, халықтың 19 млн теңгесін жымқырып үлгерген ресейлік азамат ұсталды.  Интернет-алаяқ ретінде күдікке ілінген азамат Қырғызстанға өтпек болып тұрғанда шекара бекетінде қолға түсті.

«18 шілдеде Тараз қаласы прокуратурасының үйлестіруімен жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қаланың 3 сенімді азаматтарын интернет байланысы арқылы алдаған Ресей Федерациясының «Р» есімді азаматын ұстады», – деп хабарлады Жамбыл облысының прокуратурасы.

Жоғарыда аталған азамат осы жылдың сәуір-мамыр айларында өз сыбайластарымен бірге азаматтардың сеніміне кіріп, әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалған. Жеңіл жолмен арам ақша тапқысы келетіндер түрлі құйтырқы іс-әрекетке барады. Олар өздерін «екінші деңгейдегі банктердің қауіпсіздік қызметінің жұмыскерлері» және «құқық қорғау органдарының қызметкерлері» ретінде таныстырған. Осылайша, азаматтардың атынан несие рәсімдеп, оңай олжаға кенеледі.

19 миллионды қалтаға басты

Осы схеманы пайдалана отырып, алаяқтар WhatsApp әлеуметтік желісінің бейнебайланысы арқылы алаяқтық жолмен несие ресімдеп, жәбірленушілердің 19 миллион теңгесін иемденген.

«Аталған факті бойынша 25.04.2024 жылы ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі сотқа дейінгі тереп-тексеру басталған. Күдікті Мемлекеттік шекара бекетінен Қырғыз Республикасына қарай өту кезінде ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Биыл наурыз айында алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген. Қазақстан азаматы Түркияда ұсталған болатын. Ол Kolesa.kz сайтында автокөліктерді сату туралы хабарландыру жариялап, азаматтарды үлкен сомаға алдаған. Күдікті еліміздің әр өңірінде 25 түрлі алаяқтық әрекет жасап, 104 миллион теңге көлемінде шығын әкелген.

Алматы облысының полицейлері алаяқтықтықпен күресудің жаңа тәсілін ойлап тапқанын да еске саламыз. Енді интернет-алаяқтық мәселесінде тәртіп сақшыларына имамадар мен діни қызметкерлер көмектесетін болады. Тәртіп сақшылары имамдар мен діни қызметкерлерге қарт адамдарға интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпарат жеткізіп, жан-жақты түсіндіріп беру үшін көмек көрсетуін сұраған.

Айта кетейік, соңғы уақытта алаяқтар өздерін заңгермін деп таныстырып, тұрғындардың ақшасын аударып алып жатқан фактілер көбейді. Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтық дерегі жиілеп кеткенін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды. Бірінші кезеңде өзін Ұлттық банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректеме ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады.