Жасанды интеллект Meta-ның табысын еселеуге қалай жәрдемдесті

Жарияланды
Компания енді жасанды интеллектіге жұмсайтын шығынын арттырмақ /Фото: Reuters/Francis Mascarenhas

Әйгілі Meta жасанды интеллектіге жұмсайтын шығын көлемін ұлғайтпақ. Бұған компания табысының Уолл-стрит сарапшыларының болжамынан асып түсуі түрткі болып отыр. Ал Meta табысты еселеу үшін жасанды интеллектің жәрдеміне жүгінген.

Facebook, Instagram, WhatsApp, Threads сынды желілерді жетегіне алған Meta Platforms 2024 жылдың екінші тоқсанында сатылымнан түскен табыстың күтілген нәтижеден әлдеқайда асып түскенін хабарлады. Компания басшысы Марк Цукербергтің айтуынша, оның жасанды интеллектіге жұмсаған инвестициясы жарнамаларды нақты клиенттерге лайықтап сатуға жол ашқан. Бұл туралы Bloomberg жазды. Компания енді жасанды интеллектіге жұмсайтын шығынын арттырмақ. Дәл осындай есептің жарияланғаны сол еді, кеңейтілген саудадағы Meta акциялары бірден 7%-дық өсім көрсетті.

Толығырақ

Есепті мерзімде Meta-ның табысы тура бір жыл бұрынғы деңгейден 22%-ға асып түсіп, 39,1 млрд долларға тең болды. Ал сарапшылар көрсеткіш 38,34 млрд доллар болады деп болжаған еді. Енді компанияның үшінші тоқсанда табыс көлемін 38,5 млрд доллардан 41 млрд долларға жеткізсек деген ішкі есебі бар. Уолл-стрит болжамынша, көрсеткіш 39,2 млрд доллардан аса қоймайды. Осы орайда, екінші тоқсандағы Meta-ның таза табысы 13,5 млрд доллар болғанын еске сала кеткен жөн. Бұл бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 73 пайызға жоғары.

Компания табысының 98 пайызы жарнамадан түскен. Meta қызығушылығы жоғары пайдаланушыларды тиімді тарту үшін жасанды интеллекті пайдаланған. Арнайы алгоритм жарнаманы кімге және қай кезде ұсыну керек екенін жедел әрі нақты анықтап отырады. Бұл ретте компания бюджеті аз маркетологтарды да ұмыт қалдырмаған. Олардың да қызықты акциялар ұйымдастыруы үшін жасанды интеллектің генеративті функцияларын қолдана бастады.

30 маусымдағы жағдай бойынша Meta-ның барлық қосымшасында 3,27 млрд қолданушы тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 7%-ға көп.

ЖИ-ге жұмсалған шығындар

Bloomberg-тің жазуынша, осы қадамы арқылы Meta өз шығындарының ұлғая түскенін ұғындырғандай болды. Екінші тоқсанда компанияның күрделі шығындары үш есе өсіп, 8,5 млрд долларға жеткен. Бұл ретте The Wall Street Journal сәуір айында Meta-ның жасанды интеллект инфрақұрылымы үшін инвестиция көлемін 10 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отырғанын еске салды. Осылайша, компанияның 2024 жылға арналған күрделі шығындары бұған дейінгі 37 млрд доллардан 40 млрд долларға дейін ұлғайып отыр.

Компания негізінен тілдерге арналған үлкен модельдерге көбірек инвестиция құяды. Мәселен, өткен аптада Llama 3.1 моделін ұсынды. Бұл әзірге компания ұсынған ең үлкен модель болып саналады. Цукербергтің айтуынша, бұған қыруар қаржы жұмсалған. Компания Meta АІ негізіндегі смарт-көзілдіріктер секілді ұзақмерзімді ірі жобалардан да қаржы аяп жатқан жоқ.

«Meta АІ жылдың соңына дейін әлемдегі ең көп қолданылатын көмекші болады», – деп сендірді М.Цукерберг.

Контекст

Meta Platforms-ке дейін ЖИ-ді дамытуға жұмсалатын шығындар туралы Microsoft және Alphabet компаниялары есеп берген-ді. Соңғысының өткен тоқсандағы күрделі шығындары бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда екі есеге жуық өсті – 91,4%. Сөйтіп 13,2 млрд долларға тең болды. Ал Microsoft шығын көлемі 77,6%-ға көбейгенін хабарлады, бұл дегеніміз – 19 млрд доллар. Осының бәрі «Nvidia, AMD компанияларының ЖИ чиптеріне деген сұраныс төмендеуі мүмкін» деп топшылайтын кейбір инвесторлардың бойдағы күмәнін сейілте түскендей.

Акциялар жайы

Meta Platforms тиісті есепті жариялаған соң компанияның кеңейтілген сауда-саттық кезіндегі бағасы 7,17%-ға немесе 508,9 долларға дейін өсті. Жыл басынан бері Meta-ның бағалы қағаздары 34%-ға, ал кейінгі 12 айда 51%-ға артты. MarketWatch мәліметінше, компанияның акцияларын бақылайтын 67 сарапшының басым бөлігі оларды сатып алуға кеңес береді. Сегіз сарапшы акцияларды сақтауды, ал үшеуі сатуды ұсынып отыр. Консенсус баға – 534,5 доллар. Бұл бағаның сәрсенбідегі негізгі сауда-саттық жабылған кездегі деңгейден 12,5 пайызға өскенін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз