Көліктерді сынақтан өткізу кезіндегі бұзушылықтар туралы жағымсыз жаңалық Toyota акцияларын құлдыратты

Жарияланды
Жағымсыз жаңалық Toyota акцияларын құлдыратты / Фото: Reuters/Issei Kato

Жапонияның көлік министрлігі Toyota көліктерін сынақтан өткізу кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол берілгенін мәлімдеді. Ел-жұртты елең еткізген осы бір хабар әйгілі компанияның акцияларын әп сәтте құлдыратып жіберді. Toyota өткен тоқсандағы табысқа толы қаржылық нәтижелерін ұсынғанымен, төмен құлдыраған акцияларды тежеу мүмкін болмады.

Толығырақ

Тарқата айтсақ, бейсенбі, 1 тамыз күні, Токиодағы сауда қорытындысы бойынша әлемдік алпауыттың акциялары 8,5%-ға төмендеді. Трейдерлер Жапония үкіметінің мәлімдемесіне дәл осылай үн қатты. Бұған Toyota-ның табыс пен сату көлеміне қатысты жылдық болжамды жақсартпауы да кері әсер еткен секілді.

Bloomberg жазғандай, компания акцияларына Токио қор биржасындағы жаппай сатылым да белгілі бір дәрежеде қысым көрсеткен. Өйткені 31 шілде күні Жапония Банкі ставкалары көтерілді. Тиісінше, жергілікті компаниялардың акциялары төмендеді.  

Сертификаттаудағы салғырттық

31 шілде күні Жапония Үкіметі Toyota-ға сертификаттау кезінде жіберілген кемшіліктерді жедел түрде жоюды міндеттеп, тиісті өкімін жолдады. Bloomberg атап өткендей, құжатта компанияның тағы жеті моделі жаппай өндіріске шығу үшін тиісті түрде сертификатталмағаны жазылған. Ал маусым айында Toyota және тағы төрт жапондық автоконцерн сертификаттауға өтініш тапсырған кезде апаттық сынақтар туралы қате яки жалған мәліметтер бергенін мойындаған-ды. Осыдан кейін, яғни шілде айының басында компания басқадай бұзушылықтар жоқ екенін хабарлап, билік пен бұқараны сендіруге тырысты.

Дұрыс сертификатталмаған модельдердің қатарында RAV4 және Harrier жол талғамайтын көліктері, Noah және Lexus LM минивэндері, сондай-ақ Prius бар. Bloomberg мәліметтері бойынша, олардың төртеуі қазірге дейін шығарылып келеді, ал алты модель шетел нарықтарына экспортталады.

«Біз анықтаған бұзушылықтар қасақана жасалған және бұл бірді-екілі кемшілік емес», – деп мәлімдеді Жапония көлік министрлігінің өкілі Toyota басшысы Кодзи Сатоға тиісті құжатты ұсынбай тұрып.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, өкім Toyota-ға корпоративтік басқару бағытында «радикалды реформалар» жүргізуді міндеттейді. Ондағы мақсат – алаяқтық әрекеттің қайталанбауын тоқтату. Ал автокөлік өндірушісінің мәлімдемесіне сүйенсек, компанияның жоғары басшылығы сертификаттау ісіне білек сыбана араласпаған. Toyota басшысы клиенттерден әбігерге салғаны үшін кешірім сұрады әрі шығарылған көліктердің барлығы қауіпсіз екенін еске салды.

Тоқсандық есеп

Бейсенбі, 1 тамыз күні, Toyota өткен тоқсанды (2025 қаржы жылының бірінші тоқсаны) түйіндеп, есеп берді және кірістің өскенін қуана хабарлады. Алайда бұл хабар акциялардың құлдырауына тосқауыл бола алмады. Сәуір-маусым айларында операциялық түсім 17%-ға немесе 1,31 трлн иенге (8,7 млрд доллар) дейін өсті. Консенсус болжамнан (1,32 трлн иен) шамалы аздау. Табыс 12%-ға –11,8 трлн иенге дейін көтерілді. Сатылымға иеннің әлсіздігі және Солтүстік Америкадағы сұраныстың жоғарылығы ықпал еткен.

«Тоқсандық нәтижелерде тосынсый болған жоқ. Дегенмен, Toyota жылдық болжамын арттырады деп күтілгені рас», – деді Bloomberg сарапшысы Тацуо Йошида. Оның айтуынша, компания «қаржылық жылдың бірінші жартысында» болжамын қайта қарауы мүмкін.

Bloomberg мәліметтері бойынша, сарапшылар қаржылық жылда Toyota-ның операциялық кірісі рекордтық деңгейге жетуі мүмкін екенін еске салады. Бұл дегеніміз – 5,3 трлн иен. Автокөлік өндірушісі болса осы уақытқа дейінгі операциялық пайда (4,3 трлн иен) мен кірістің (46 трлн иен) болжамын өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз