«Маңғыстаумұнайгаз» 2023 жылға 34,6 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл сома жария етілген көлемнен 2 млрд теңгеге аз
Қытайлық CNPC пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына тиесілі «Маңғыстаумұнайгаз» өз акционеріне жалпы 34,6 млрд теңге дивиденд төлеген. Соның ішінде 34,2 млрд теңгесі – қарапайым акциялары бойынша төленсе, артықшылығы бар акциялар үшін 357 млн теңге аударылды.
Акционерлік қоғамның 107,8 млн дана KZ0009093696 (MMGZ) қарапайым акциясы айналымда жүр. kz0009089736 (MMGZp) тикерімен сатылатын артықшылығы бар акциясының саны – 1 млн.
Мұнай кәсіпорнының қарапайым акцияларының 99 пайызы – Mangistau Investments B.V компаниясының меншігінде. Сонымен қатар компания биржаға орналастырылған артықшылығы бар акциялардың 5 395 данасына иелік етеді. Ал Mangistau Investments B.V – Қытай ұлттық мұнай компаниясы `(CNPC) мен «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның еншілес компаниясы. Олардың әрқайсысына компания акциясының 50 пайызы тиесілі.
Дивиденд акционерлердің есепшотына 23-24 шілде күндері түсті. Былтыр компания 85,4 млрд теңге таза пайда тапқан. 2022 жылға «Маңғыстаумұнайгаз»: қарапайым акциялар бойынша – 86,9 млрд теңге, артықшылықты акцияларға 913,6 млн теңге дивиденд төлеген.
Компания Қазақстанның батыс өңіріндегі «Қаламқас», «Жетібай» сынды кен орындарында мұнай өндіреді.
Мамыр айында «Маңғыстаумұнайгаз» көбірек мұнай өндіру үшін жүздеген ұңғыма бұрғылайтыны белгілі болған. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылғы «Қаламқас кен орнын игеру жобасында» 392 ұңғыманы бұрғылау жоспарланған. Оның ішінде 343 өндіруші ұңғыма және 49 сорып алу ұңғымасы бұрғыланады. Құжатқа сәйкес ұңғыманы бұрғылау жұмыстары 2024 жылы басталып, 2035 жылы аяқталады. Сонымен бірге компания 16 айдау ұңғымасы бар 6 учаскеде мұнай беруді арттыру үшін химиялық әдістерді қолдануды жоспарлап отыр.
Бұған дейін компания 36,4 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Алайда нақты төленген қаражат 2 млрд теңгеге кем.