Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігі 500 мыңнан астам балаға 43 мың теңгеден таратып береді

500 мыңнан астам балаға 43 мың теңге таратылады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Оқу-ағарту министрлігі 500 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін ата-аналарға 43 307 теңгеден таратып беретін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтты.

Оның айтуынша, 2024 жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры 500 мыңнан астам балаға көмек көрсетеді. Олардың қатарында АӘК алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.

«Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Қазіргі таңда әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде − 43 407 теңге қаражат белгіленген»,  —  деді Оспанова.

Комитет төрағасының сөзінше, осы уақытқа дейін 77,8 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшоттарына 3,4 млрд теңгеден астам қаражат аударылған.

Айта кетейік, соңғы үш жылда материалдық көмек көлемі 2,5 есеге, яғни 17 мыңнан 43,5 мың теңгеге дейін өскен.

2023 жылы материалдық көмекпен қамтылатын бала 400 мыңнан асқан. Оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың мөлшері – 40 567 теңге болған. Kursiv.Media бір баланы мектепке дайындау құнын есептеп шыққан.

Оған сәйкес, 2023 жылы оқушы қызды мектепке бастан-аяқ дайындауға кеткен сома  – 66 500 теңге, ұл бала үшін 88 050 теңгені құраған еді.

Статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы шілде айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,7% қымбаттаған.

Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін бекітті. Оған сәйкес, алдағы оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйектен – 2025 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады.