Жаңалықтар

9 900 теңге: 3 тамыздан бастап Алматыда барлық жолаушы үшін айлық жол жүру билеті қымбаттайды

3 тамызда Алматыда айлық жол жүру билеті қымбаттайды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

3 тамыздан бастап Алматы қаласында айлық жол жүру билеті қымбаттайды. Бұған қоса, жолақысы да көтерілетін болады.

Қалалық әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, айлық жол жүру билеті – 9 900 теңге, студенттік айлық жол жүру билеті – 4 200 теңге, мектеп айлық жол жүру билеті – 2 000 теңге, зейнетақы айлық жол жүру билеті – 3 000 теңге болады.

Сондай-ақ Алматыда қалалық мәслихатпен келісілген және сарапшылармен белсенді талқыланған қоғамдық көлікте жүруге 120 теңге тариф 3 тамыздан бастап күшіне енеді.  

Бұдан бөлек, жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі алынып тасталады. Яғни енді тек ⁠Onay  филиалдарында және 115 клиенттерге қызмет көрсету орындарында сатып алуға болатын көлік картасымен, ⁠SMS арқылы, ⁠мобильді қосымшамен төлеу мүмкіндігі болады.

Айта кетейік, ҰОС қатысушылары, 75 жастан асқан зейнеткерлер, 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, саяси қуғын-сүргін құрбандары және басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері тегін жүреді.

Сондай-ақ студенттер, жасына байланысты зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедек балалармен бірге жүретін адамдар төлемнің жартысын ғана төлейді.

Алматы қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХІ сессиясында депутаттар қоғамдық көлікте жүрудің жаңа тарифтерін қарап, оны бірауыздан бекіткен.

Қалалық мобилділік басқармасы 80 теңгелік тариф 2011 жылдан бері өзгермегенін және былтыр ғана 20 теңгеге өскенін хабарлады. Бүгінге дейін Алматыда қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген кезде 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде 200 теңге мөлшерінде белгіленген болатын.