Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Отбасы банкпен бірге моноқалалар тұрғындары үшін тұрғын үй бағдарламасын іске қосуға 2 млрд теңге бөлген.
«Алтай, Риддер, Шемонаиха, Зайсан және Серебрянск қалаларының тұрғындары жеңілдетілген шарттар бойынша тұрғын үй сатып ала алады», – делінген банк хабарламасында.
Бағдарламаға сәйкес, 10% бастапқы жарнамен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі болады. Кредит бойынша мөлшерлеме жылдық 6%, заемның ең жоғары сомасы – 20 млн теңге болады. Жылжымайтын мүлікті бірінші немесе екінші нарықта сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа бағдарламаны бастау туралы меморандумға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен Отбасы банк Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Назигүл Аққұлова қол қойған.
«Меморандум бойынша бес моноқаланың тұрғындары қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып ала алады. Осы мақсаттар үшін Отбасы банк пен ШҚО әкімдігі әрқайсысы 1 млрд теңгеден қаражат бөледі. Өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қазақстандықтарға жеңілдетілген шарттар бойынша пәтер сатып алуға мүмкіндік береді», – дейді Отбасы банк Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Назигүл Аққұлова.
Отбасы банктің ШҚО-да «шығыс маманы» деген тағы бір бағдарламасы бар. Облыс әкімдігі «Шығыс маманы» жобасын іске асыру үшін 300 млн теңге бөлген. Отбасы банк халықты несиелендіріп, бұл бағдарлама бойынша 13 маман қоныс тойын атап өткен.
29 шілдеде «Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша өтінш пен құжат қабылдау басталды. Өтініш қабылдау 7 тамызға дейін жалғасатыны туралы бағдарламаның ресми сайтында жазылған.