Продюсер, актер әрі шоумен Нұртас Адамбай Астана қаласының Діни басқармасы өзін не үшін сотқа бергені туралы пікір білдірді. Нұртас Адамбай басқарма оны Құранға сілтеме жасағаны үшін сотқа тартып жатыр деп есептейді.
«Астана қаласы Дін істері басқармасы мені Instagram парақшамда Құран кәрімнің аудармасын жазғаным үшін сотқа берді. Шынымды айтсам, біздің елде Құранның аудармасын келтіруге болмайтынын білмедім», – деп жазды парақшасында.
Бұған дейін Нұртас Адамбайдың «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды бұзғаны үшін сотқа тартылғаны белгілі болған. Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы, 1-бөлігі, 4-тармағы, яғни «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын» бұзғаны үшін айып тағылған. Бұл бап ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) қойылатын талаптарды бұзуға қатысты әрекеттерді қарастырады.
Мұндай әрекет үшін жеке тұлғаларға – 50 АЕК (185 мың теңге), заңды тұлғаларға – 200 АЕК (738 мың теңге) айыппұл төлеу жазасы тағайындалады.
Айта кетейік, сот процесі әлі жалғасып жатыр. Бастапқы да процесс қазақ тілінде жүргізілген. Кейіннен Нұртас Адамбайдың өтінішіне сәйкес, орыс тілінде жүргізу туралы қаулы шыққан. 1 тамызға белгіленген сот процесі кейінге қалдырылды.