Қарағанды облысында бассейн салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі тіркелді. Істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеуде.
Балалар спортын дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысын бақылаған азамат орындалмаған жұмыстар үшін жалған актілер жасаған. Сол арқылы жеткізілмеген құрылыс материалдары үшін өзіне қарасты кәсіпорынның шотына, сондай-ақ бассейн құрылысына қатысы жоқ басқа кәсіпорындардың атына қаражат аударған.
Нәтижесінде ол мемлекетке 130 млн теңгеден астам залал келтірген. Бұған кешенді сот құрылысы-экономикалық сараптамасының, сот-экономикалық сараптаманың қорытындысы дәлел. Аталған азамат ұсталып, оған қатысты сот «үй қамақа алу» шарасын қолданды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
«ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», – деп хабарлады ҚМА.
Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі білім саласына тексеріс жүргізіп, нәтижесінде жемқорлық тәуекелі жоғары тұстарды анықтаған. Әсіресе, педагогтердің жалақы қорынан қомақты қаражат жымқырылып келген.