Алтын өндіруші Solidcore компаниясы сауда көлемін екі есеге арттырды
Solidcore (бұрынғы атауы «Полиметал») алтын өндіруші компаниясы 2024 жылдың екінші тоқсанында өндірісті бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 37%-ға арттырып, 135 мың алтын унциясына жеткізді, деп хабарлады компания.
Бұл ретте сауда көлемі 2,2 есе өсіп, 176 мың алтын унциясына жетті.
«Оның ұлғаюы «Қызыл» кенішіндегі концентрат қорын сатудағы айтарлықтай ілгерілеушілікке байланысты. Бұрын логистикалық қиындықтарға байланысты сұраныс жинақталып қалған еді», – деп түсіндіреді Solidcore.
Алтын бағасының өсуі, жинақталған қорларды өндіру мен сатудағы оң динамиканың арқасында кіріс 2,6 есе артып, 409 млн долларды құрады.
Solidcore-дің екінші тоқсандағы таза ақшалай позициясы 155 млн доллардан 357 млн долларға дейін өсті. Компания 2024 жылы 475 мың унция алтын өндіру туралы болжамын растады.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы маусымда Polymetal International plc атауын Solidcore Resources plc деп өзгертті.
Solidcore Resources plc – Қазақстандағы екінші ірі алтын өндіруші компания. Оның Қазақстанда екі өндіріс орны бар. Олар – Абай облысындағы «Қызыл» кеніші мен Қостанай облысындағы «Варваринское» кеніші.
2024 жылдың басында Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы – Maaden International Investment LL кен өндіруші компанияның 23,9% акциясын сатып алған. Нәтижесінде компанияның ірі акционеріне айналды.