Ұлттық банк теңге бағамына қатысты шілде айының қорытынды есебін жариялады. Оған сүйенсек, өткен айда төл валюта бағамы 1 АҚШ доллары үшін 474,15 теңгеге дейін 0,5%-ға әлсіреді. Сонымен қатар Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 183 млн АҚШ долларынан 170 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордан 506 млн доллар валюта сатылды
Сондай-ақ, шілдеде Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін шілде айында 506 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 14%-ын және күніне 23 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады.
«Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында шілдеде биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 275 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 7%-ын құрады», – деп түсіндірді реттеуші.
Алтын-валюта резервтеріне конвертациялау жүргізілді
Ұлттық банк Үкіметтің Ұлттық қорға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу туралы шешімін іске асыру аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялау жүргізді. Конвертация Қордың валюталық активтерінің бір бөлігін сату арқылы іске асырылды. Нарықтық бейтараптықты сақтау мақсатында Ұлттық Банк шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі түрде сатуға кірісті.
2024 жылғы шілдеде аталған операция аясында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 115 млн АҚШ доллары шамасында болды. 2024 жылғы тамыз айында алтын-валюта резервтерінен 230 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі көлемде валюта сатып алынбақ.
Тамызда 600 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады
Бұл ретте реттеуші тамызда Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
«2024 жылғы тамызда Ұлттық банк Ұлттық қордан 500 млн АҚШ долларынан 600 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді», – деп жазылған есепте.
Ол республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша іске асырылмақ.
2024 жылғы тамызда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу да жоспарланған.
Еске сала кетсек, Ұлттық банк 2024 жылғы мамыр айында Ұлттық қордан 750-850 млн доллар сататынын хабарлады.
Алайда маусымда валюта саудасы екі есе қысқарып, реттеуші осы мақсатта 350-450 млн доллар бөлді. Кейін теңге бағамы құнсызданды. Бұл ретте Ұлттық банк басшысы бағам «негізгі көрсеткіштерге оралып жатыр» деген еді.