Жаңалықтар

Экологияға зиян келтіргені үшін қазақстандық компанияларға 40 млрд теңге айыппұл салынды

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Биыл экология заңнамасын бұзған компанияларға 40 млрд теңгеге 1022 әкімшілік айыппұл салынған. Бұл жайында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жартыжылдық қорытындысында жазылған.

Министрліктің мәліметінше, 1331 экология заңнамасын бұзушылық анықталып, нәтижесінде 40 млрд теңгеден астам сомаға 1022 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 13,3 млрд теңгеге 884 айыппұл өндірілді.

Әкімдіктермен және жұртшылықпен бірлесіп өңірлердің экология проблемаларын шешу бойынша 532 іс-шараны қамтитын 18 жол картасы әзірленді. Оның ішінде 164 іс-шара биылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы жыл басынан бері қолжетімді ең жақсы техниканың үш анықтамалығын жасап жатыр.

2023 жылы Қазақстан табиғатты қорғау қызметіне 610 млрд теңге жұмсады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 8,7 млрд теңге бюджет қаражатын игермек. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның 3,7 млрд теңгесін игеріп үлгерген. Орман ресурстары мен жануарлар дүниесін басқару, сақтау және дамыту бойынша 22,9 млрд теңге, гидрометеорологиялық және экологиялық мониторингті дамытуға 6,4 млрд теңге мақсатты жұмсалған.