14,5 трлн теңге: мемлекеттік бюджеттің 60%-ы әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалған

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанда әлеуметтік саланы қаржыландыруға 14,5 триллион теңге бөлінген / Фото: kursiv.media

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 60%-ы әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалған. Бұл жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.

Ақорданың хабарлауынша, Дүйсенова әлеуметтік саланы қаржыландырудың жаңа әдістерін таныстырған. Жаңа тәсілдердің көмегімен бөлінген қаржының шын мұқтаж жандарға жетуі, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Сондай тәсілдің бірі отбасының цифрлық картасы арқылы көрсетілетін қызметтер. Қызметтер цифрлық карта көмегімен азаматтардың әлеуметтік санатына қарай дербес ұсынылатыны туралы баяндады.

«Бұл салаға 14,5 триллион теңге бөлінген. Бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 60 пайызын құрайды»,- деген вице-премьер.

Дүйсенова енгізілген жаңа тәсілдер көмегімен бүгінгі күні әлеуметтік саланы цифрландырудың деңгейі қызмет алушылар мен оларға көрсетілген қызмет көлемін анықтап қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік қолдау шараларының құрылымына түзету енгізуге мүмкіндік беретінін айтқан.

Бұдан бөлек ауыр тұрмыстық жағдайдағы отбасыларға арналған ұтымды әрі тиімді көмек шаралары әзірленетіні де айтылған. Сонымен бірге білім беру, медициналық көмек сапасын арттыру және әлеуметтік нысандар құрылысы мен ауыл тұрғындарын қолдау бойынша Үкімет тарапынан жаңа жобалар қолға алынатыны да баяндалды.

Әлеуметтік салаға қатысты жүргізіліп жатқан шаралардың барысы жайлы баяндалған соң, мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталып, жоспарланған жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асуын қамтамасыз етуді тапсырған.

Қазақстанда қандай әлеуметтік төлем түрлері бар?

Қазақстанда бірнеше әлеуметтік көмек түрлері бар. Соның бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Бұл көмек жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен Қазақстан азаматтарына тағайындалады.

Бұдан бөлек, келесідей әлемуттік төлемдер қарастырылған:

  • Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы қатысты төлем;
  • Асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты берілетін төлем;
  • Жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төлем;
  • Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайына байланысты төлем;
  • Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем;
  • ТЖ және карантин кезеңінде берілетін әлеуметік төлем және т.б. төлем түрлері бар.

Айта кетсек, биылғы бірінші жартыжылдықта Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан 1 миллионнан астам қазақстандық әлеуметтік төлем алды. Ел азаматтарына жәрдемақының бес түрі бойынша 453 млрд теңге төленген. 

Қазақстан Үкіметі 2024 жылғы атаулы әлеуметтік көмекке 60,5 млрд теңге бөлген. Жыл басынан 1 шілдеге дейінгі аралықта бұл көмек түрін 67,1 мың отбасы, нақтырақ айтқанда, 355,3 мың адам алған.

Сондай-ақ оқыңыз