Жаңалықтар

«ҚазАвтоЖол» АҚ шығыны 18 млрд теңге: Жоғары аудиторлық палата ең тиімсіз квазимемлекеттік компаниялардың тізімін жариялады

Аудит барысында ең тиімсіз квазимемлекеттік 18 компания анықталды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жоғары аудиторлық палата Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты есебін жариялады. Есепте елдегі ең тиімсіз квазимемлекеттік компаниялар аталған. Шығыны ең көп компаниялар туралы «Курсив» тарқатып жазды.

Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) есебінде квазимемлекеттік сектордың 2021 – 2022 жылдардағы шығынды субъектілері бойынша ақпарат орналастырылған. Онда ең тиімсіз 18 компания туралы жазылған.

ЖАП есебіне сенсек, ең тиімсіз компаниялар ішінде көш бастап тұрған «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы. Есепте көрсетілген кестеде ұлттық компанияның 2022 жылғы шығыны 17,9 млрд теңге деп көрсетілген.

Одан кейінгі орында республиканың астық нарығындағы мемлекеттік оператор саналатын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» тұр. Бұл мекеменің шығыны 15,9 млрд теңгегеге жеткен.

Ал «Астана олимпиадалық даярлау орталығының» шығыны азық-түлік корпорациясының шығынымен тең шыққан. Аудит барысында бұл мекеменің 2022 жылғы шығыны 15,6 млрд теңгені құрағаны белгілі болған. Бұл орталық спортшыларды спорттың 11 түрі бойынша дайындаумен айналысады.

Сонымен бірге аудиторлар Астанадағы тағы бір мекеменің бюджетінен тиімсіз тұстарды анықтаған. Ол – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры. Бұл мекеменің шығыны 2022 жылы 1,9 млрд теңгені құраған.

Ал елдегі қорғаныс мекемелерін қару-жарақпен және түрлі әскери техникамен қамтамасыз ететін «Қазарнаулыэкспорт» ШЖҚ РМК шығыны 10 млрд теңгеден асады екен.

Бұдан бөлек мемлекетке тиесілі «Жасыл Даму» компаниясы да рентабельді емес кәсіпорындардың қатарында тұр. Есепте компанияның шығыны 9,4 млрд теңгені құрайтыны жазылған. Алайда қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеумен айналысатын компанияның өз есебінде, керісінше, кірісі 9,4 млрд теңге көлемінде көрсетілген. Бір-біріне кереғар есептің дұрыс-бұрыстығын анықтау мақсатында «Курсив» Жоғары аудиторлық палатаға сауал жолдады.

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, шығыны көп компаниялар тізімінде мына компаниялар бар:

  • «Қазарнаулыэкспорт»- 10 млрд теңге;
  • «QazExpoCongress» ҰК – 2 млрд;
  • «Қазақстан шипажайы» АҚ – 1 млрд;
  • «Қазақстан Ғарыш Сапары» – 3 млрд;
  • «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС – 1,1 млрд;
  • «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК – 2,9 млрд теңге;
  • «ҚР Ұлттық мұражайы» РМҚК – 3,2 млрд теңге;
  • «Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ – 881,6 млн теңге;
  • «Химиялық парк арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы» АҚ – -722,4 млн теңге;
  • «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС – 610,9 млн теңге;
  • «Талдау және ақпарат орталығы» РМК – 918,4 млн теңге;
  • «Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры» РМҚК – 482,6 млн теңге;
  • «Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК – 459,6 млн теңге.

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, 2022 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің таза кірісінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 33%-ға ұлғайып, 2 513,9 млрд теңгені құраған. Ал шығыны 19,3%-ға артып, 93,2 млрд теңгеге жеткен.

2022 жылдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектордың 330 субъектісінің 270 субъектісі қызметін пайдамен, 60 субъектісі шығынмен аяқтаған. Сол 60-тың ішіндегі ең шығыны көп компаниялар жоғарыда аталған мекемелер.