Жаңалықтар

Венесуэладағы ереуілге байланысты 1200-ге жуық адам ұсталған: президент Мадуро наразылықты Илон Маск бастаған шетелдіктер қаржыландырғанын айтты

Венесуэладағы ереуіл 29 шілдеден бері басылмады / Фото: revolutionarycommunist.org; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Венесуэладағы ереуіл кезінде 1200-ге жуық адам ұсталған. Президенттік сайлауға қатысты қарсылығын білдірген азаматтардың барлығын президент Николас Мадуро шетелде арнайы дайындалып келген қылмыскерлер деп атаған.

«Біз 1200-ден астам қылмыскерді ұстадық. Олар Техаста, Колумбияда, Перуде, Чилиде біраз уақыт жаттыққан. Қылмыскерлер шабуыл жасауға және өртеуге арнайы дайындалған. Олар жылжымалы аурухананы өртеп жібермек болды, бірақ жергілікті тұрғындар мұның алдын адып, құтқарып қалды. Сонда бұл наразылық па, әлде саяси күрес пе?» – деп мәлімдеді Мадуро.

Айта кетейік, бұл ереуілдерге Венесуэлада 28 шілдеде өткен президенттік сайлау себеп болды. Сайлау болған күннің ертеңінде елдің Ұлттық сайлау кеңесі Николас Мадуроның жеңгенін мәлімдеп, оның 2025-2031 жылғы мерзімде мемлекетті басқаратынын хабарлады. Ұлттық сайлау кеңесінің мәліметінше ол 51% дауыс жинаған. Сол күннен бастап, елде наразылық шерулері басталды.

Ереуілдеушілерге мемлекеттік инфрақұрылымды қиратты, араздық пен лаңкестік тудырды деген айып тағылып отыр. Елдің күштік құрылымдары бұл ереуілде 77 тәртіп сақшысы жараланғанын хабарлады. Ал Венесуэла үкіметі бұл тәртіпсіздіктерге сыртқы күштердің араласып отырғанын мәлімдеді.

Ал елдің оппозициясы билікте 11 жыл отырған Николас Мадуроның алаяқтықпен сайлау нәтижелерін бұрмалағанын алға тартады. Мадуроның қарсыласы оппозициялық партия мүшесі Эдмундо Гонсалес болды. Тәуелсіз экзит-полл мәліметтері бойынша, оған сайлаушылардың 65 пайызға жуығы дауыс берген. Оппозиция сайлауға қатысты құжаттар жарияланбаса, елде тәртіпсіздік толқыны жалғаса беретінін мәлімдеген.

Мадуро өз кезегінде, бұл наразылықтардың артында «гринголар» яғни шетелдіктер тұрғанын айтып, олардың «зорлық-зомбылықты арттыруды» көздеп отырғанын мәлімдеді. Ол тіпті мұның артында АҚШ бизнесмені Илон Маск тұрғанын айтқан.

«Мен Венесуэла әлемдік державалардың ұлттық және халықаралық агрессиясымен бетпе-бет келіп тұрғанын мәлімдеймін. Енді Илон Маск Венесуэланы басып алып, оны сырттан басқаруға құмартып отыр», – деп мәлімдеген жаңа сайланған президент.

Оның айтуынша, елде болып жатқан төңкеріс әрекеті алдын ала жоспарланған және сайлаудан кейін Венесуэланы шарпыған толқуларды «Колумбиялық есірткі саудасы, Илон Маск және АҚШ үкіметі» қаржыландырған.

Сөзінің соңында Мадуро Маскті дуэльге шақырған.

«Мұнда кел, екеуміз Полиедроға [аренаға] шығамыз. Егер мен сені жеңсем,
Илон Маск, сенің Марсқа сапарыңды қабылдаймын. Бірақ сен менімен бірге ұшасың», – деп мәлімдеген президент.

Ал миллиардер өзінің Х парақшасында оның ұсынысын қабыл алатынын айтқан.

Еске сала кетсек, Латын Америкасының тоғыз мемлекетінің үкіметі Венесуэлада өткен президенттік сайлаудың қорытындыларына байланысты Америка мемлекеттері ұйымының төтенше кездесуін өткізуге шақырды.

Аргентина, Гватемала, Доминикан Республикасы, Коста-Рика, Панама, Парагвай, Перу, Уругвай және Эквадор қол қойған декларация Венесуэладағы сайлау нәтижелерін толық қайта қарауды талап ететіні айтылды.