Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігінде кадрлық ауыс-түйіс жасады. Президент Әкімшілігінің Ақпараттық ресурстарды қорғау және Цифрландыруды дамыту бөлімдерінің меңгерушілерін тағайындады.
Осыған дейін «Қазақтелеком» АҚ-ның цифрландыру және үлкен деректерді басқару жөніндегі директоры болған Қуат Сандалов енді Президент Әкімшілігінде цифрландыруды дамыту бөліміне жетекшілік ететін болады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Қуат Жалалитденұлы Сандалов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Цифрландыруды дамыту бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Президент Әкімшілігіндегі Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі лауазымына да жаңа кадр келді. Ол қызметті енді Ержан Сейітқұлов атқаратын болады.
Ержан Нұраханұлы 1979 жылғы 4 сәуірде дүниеге келген.
2001 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітірген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, информатика, есептеуіш техника және басқару саласының қауымдастырылған профессоры.
Еңбек жолын 2002 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Астана қаласындағы қазақстандық филиалында математика пәнінің оқытушысы болып бастаған. Әр жылдары ақпараттық технологиялар саласында басшылық қызметтерді атқарған.
Еске салсақ, 10 маусымда «Қазақтелеком» компаниясын 14 жыл басқарған Қуанышбек Есекеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындалған еді.