Астанада «Біз Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!» петициясы бойынша жария талқылау өтіп жатыр. Жиынға петицияны қолдайтындар мен оған қарсылық білдіргендер де қатысты.
Отырысты жүргізген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова 50 мың азамат аталған петицияға қол қойғанын атап өтті.
«Баршаларыңызға мәлім ҚР-ның 50 мың азаматы аталмыш петицияға қосылып қойды. Петиция 10 маусымда жарияланды. Заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қаралуда. Жұмыс тобының құрамына Парламент депутатары, петиция авторы мен қоғамдық ұйым өкілдерін қосқанда, барлығы 45 адам кірді. 10 шілдеде болған отырыста бірқатар тараптың сұрағы тыңдалды», – деді вице-министр.
Айзада Құрманова жиын басында талқылаудың ережесін түсіндіріп берді.
«Жеке тұлғалардың өмір салты мен жеке қызығушылықтары талқыланбайды және айыпталмайды. Адамның жеке қасиетері, тұлғаны қорлайтын сөздерді айтуға болмайды», – деді ол.
Үш бірдей министрлік петицияны қолдады
ЛГБТ үгіт-насихатына тыйым салу туралы петицияны Ішкі істер, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері қолдады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысынан мысал келтірді. Оның айтуынша, балалардың 11%-ы жеке суретін жете танымайтын адамдарға жібергенін мойындаған. Бұл үшін 19 балаға ақша ұсынылса, 15 баланы жеке кездесуге шақырған, тағы 83 балаға сексуалдық сипаттағы хабарламалар түскен. Сондықтан ол ЛГБТ насихатына қарсы заң жобасын қабылдауды қажет деп санайды.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров та бұл бастаманы қолдады. Министрлік өкілінің айтуынша, ел ішінде жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстың көбеюіне интернетте «жыныстық қатынас еркіндігі туралы» ақпараттың таралуы басты себеп болып отыр. Сондықтан ол ЛГБТ ғана емес кез-келген басқа да жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу туралы петиция талаптарын қолдайтынын айтты.
Ал белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл петицияның еш мағынасы жоқ деген пікір білдірді. Ол жария талқыға қарсы екенін ашып айтты. Жовтис гомосексуал болып туған баланы емдеу мүмкін емес деп отыр.
«ЛГБТ насихатына тыйым салу арқылы балалар мен отбасын қорғаймыз, бұл ұлтқа қауіп төндіріп тұр деген уәж келтіресіздер. Петиция адам құқықтарын бұзады және кемсітушілік, тіпті зорлық-зомбылық орын алатын дұшпандық орта қалыптасады. Үгіт-насихат немесе тыйымдардың әсерінен адамның гендерлік сәйкестігі өзгеруі мүмкін деген жалған ақпарат пен мифке негізделген. Жыныстық бағдар – бұл психикалық денсаулық жағдайы емес, оны насихаттау мүмкін емес, өйткені ол биологиялық белгі. Гендерлік сәйкестікке тыйым салынбауы керек – бұл генетикалық және жатырішілік даму факторлары және оған ешкім әсер ете алмайды», – дейді Евгений Жовтис.
Ішкі дүниемізге сырттан ешкім араласпасын…
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин болса белден төмен нәрсені адам құқығына тіремеу керек деген ұстанымын жеткізді.
«Әр ұлттың моральдық, этикалық заңы болады. Қазақстанның діні, тілі, ділі бар. Сондықтан осы петиция басталғалы Парламент депутаттары толық қолдайтынын жариялады. Бірнеше депутат жұмыс тобына мүше болып ендік. ЛГБТ мәселесін жан-жақты зерттеуіміз керек. Құқықтық жағын да қарауымыз керек. Адам құқығын шектейді деп жатыр. Белден төмен нәрсені адам құқығына тіремеу керек. Ішкі дүниемізге сырттан ешкім араласпасын. Өз үйіміздегі заңдарды, ұстанымдарды өзіміз шешуіміз керек. Елдің ішінде алауыздық тудырмау керек», – дейді Еділ Жаңбыршин.
Петицияның мән-мағынасы қандай?
Петиция авторы Бағила Балтабаева қарсы тарап петцияның мән-мағынасын толық түсінбей басқа қырынан көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Петицияның негізгі мақсаты ЛГБТ-ның үгіт-насихатына жол бермеуде екенін айтады.
«Ресейді қосады, басқаны қосады. Неге олар өздері АҚШ-тан Еуропадан миллиондап алып жатқан гранттарын айтпайды. Ал бірақ петицияға келген кезде Ресей қосылып қалады екен. Ресейдің бұл жерде қандай қатысы бар. Қазір Қазақстандағы 7-8 жастағы қыздардың өзі жылдағы болып жатқан митингке кіріп кетті. Біз бір жыныстыларға «кетіңдер, мемлекеттен кетіңдер» деп айтып отырғанымыз жоқ. Репрессия болып жатқан жоқ. Сіздер, біріншіден, петицияның мән-мағынасын түсініп алыңыздар», – Бағила Балтабаева.
Петиция бойынша нақты шешім 6 тамызда шығады
Аталған петиция бойынша шешім жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жариялады.
«Қазақстан Конституциясында белгіленген адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында көзделген халықаралық нормалар мен қағидаттарды сақтауға міндеттенеді. Конституция нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі кемсітпеудің салмақты және теңгерімді саясатын жүргізеді, оның негізінде қоғамда конституциялық кепілдіктердің, төзімділіктің және жанжалсыздықтың сақталуының орнықтылығын қамтамасыз ету міндеті жатыр», – дейді ол.
Комитет төрағасы ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін айтты. Сондай-ақ ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтынын, оның ішінде жынысына және кез-келген адамның жеке басына тіл тигізуге жол берілмейтінін түсіндірді.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде петиция бойынша ішінара қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар «жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен таратудан қорғау, сақтау» бөлігінде петицияны ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта, ғылыми зерттеулер жүргізу, мәселені егжей-тегжей зерделеп, оны реттеу бойынша тиімді тетіктерді пысықтау қажет», – деді ол.
Жария тыңдалым барысында 25 адам өз ұстанымдары мен пікірлерін жеткізді. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова түпкілікті шешім петиция авторына 6 тамызға дейін ұсынылатынын айтты.