Екінші тоқсанда Apple компаниясының Қытайдағы сатылымы күтілген межеден төмендеді. Бұл жалпы оптимистік нәтижелерге, соның ішінде жаңа iPad-тың рекордтық сатылымына көлеңке түсірді. Жалпы алғанда, компанияның кірісі 5%-ға өсті. Bloomberg жазғандай, бұл сарапшылардың болжамынан әлдеқайда жоғары. Бейсенбі, 1 тамыз күні кешке тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін Apple акциялары постмаркетте 0,6%-ға артты.
Толығырақ
29 маусымда аяқталған 2024 қаржы жылының үшінші тоқсанында Apple-дің жалпы сатылымы 5%-ға өсіп, 85,8 млрд долларға жетті. Ал Уолл-стрит 84,5 млрд доллар болады деп болжам жасаған-ды. Ірі өндіруші қазіргі тоқсанда да кірістің өсу деңгейі дәл осы межеде қалыптасарына сенімді. Сарапшылар 4%-ға өседі деп болжам жасап отыр. «Қаржы жылының төртінші тоқсанында Apple қызметтері өседі. Көрсеткіш екі таңбалы санға дейін артады», – дейді компания басшылары.
Кейінгі тоқсанда бір акциядан түсетін пайда 1,4 долларға тең болды. Сарапшылар пайда көлемі 1,35 доллар болады деп болжам жасап еді. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде пайда 1,26 долларды, ал кіріс 81,7 млрд долларды құраған болатын.
Инвесторларға не маңызды
Компания үшін маңызды өңір саналатын Қытайда Apple-дің кірісі өткен тоқсанда 6,5%-ға (14,7 млрд долларға дейін) төмендеді. Сарапшылар сатылым көлемі 15,3 млрд доллар болуға тиіс деген болжам жасаған. Apple құлдыраудың негізгі себебін доллардың күш алуымен байланыстырды. Әйтпесе, Қытайдағы базалық бизнес, шын мәнінде, «бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы», деп жазды Bloomberg.
Apple компаниясының флагмандық өнімі – іРhone-ның сатылымы 39,3 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл 2021 жылдың қыркүйегінде аяқталған тоқсаннан бергі ең төменгі деңгей болып саналады. Компания аталған жағдайға «клиенттердің көбі смартфонның Apple Intelligence-сы бар жаңа нұсқасын күтіп жүр» деп түсініктеме берді.
«Тоқсан бойы қуатты генеративті ЖИ үлгілерін iPhone, iPad және Mac жүйесіне негіздейтін Apple Intelligence секілді бағдарламалық платформаларымызға жаңартулар жасадық. Әрине, бұларды пайдаланушылармен бөлісуге асықпыз және тұтынушылардың өмірін жақсартатын инновацияларға қомақты инвестиция салуды жалғастырамыз», – деді Apple басшысы Тим Кук.
Жаңа модельдерді шығару арқылы іPad-ты сатудан түскен табыс 24%-ға өсіп, 7,16 млрд долларға жетті. Көрсеткіш Уолл-стриттің 6,6 млрд доллар деп болжаған бағасынан асып түсті.
App Store, Apple Music және TV+ платформасын қамтитын қызмет көрсету бизнесі өсу драйвері болып қала бермек. Өткен тоқсанда ол 14%-ға өсіп, 24,2 млрд доллар әкелді. Алайда аталған бизнес бәсекелестікті шектеуге қарсы күресетін реттеушілердің қысымына ұшырап отыр. Bloomberg-тің жазуынша, бұл Apple-дің жазылымдар мен қосымшаларды жүктеуден түсетін мүмкіндіктерін шектеуі ықтимал.
Apple акцияларының жайы
1 тамызда Нью-Йорктегі негізгі сауда сессиясындағы Apple қағаздары есепті күту кезінде 1,68%-ға төмендеген. Ал қаржылық нәтижелер жарияланғаннан кейін постмаркетте 0,56%-ға өсті.
10 маусымда Apple Intelligence тұсаукесерінен кейін жасанды интеллекті бар iPhone-ның айналасындағы дүрбелең компания акцияларының 22%-ға өсуіне жол ашты. Бұл оның капиталын 3,6 трлн долларға жеткізді деп жазды Forbes. Содан бері бағалы қағаздар кейінгі екі аптада бигтех-акцияларының құлдырауы кезінде шамамен 7%-ға төмендеді.
Жыл басынан бері Apple акциялары 13%-ға қымбаттады. Тиісінше, ол АҚШ-тағы ең табысты компания саналады. 2023 қаржы жылы ішінде шамамен 97 млрд доллар таза пайда тапты. Дегенмен оның өсуі Microsoft-пен және Nvidia-мен салыстырғанда айтарлықтай баяулады.
MarketWatch мәліметтері бойынша, iPhone өндірушісінің акцияларын бақылайтын 48 сарапшының 33-і оларды сатып алуға кеңес береді, 13-і бұрын сатып алынған акцияларды портфолиода ұстауға шақырып отыр, ал екі сарапшы сатуды ұсынды. Уолл-стриттің консенсус бағасы 227 долларға тең. Бұл қазіргі деңгейдің 4%-ға өсетінін көрсетеді.