Қытай азаматына тиесілі «Мәтен Петролеум» мұнай компаниясы акционеріне дивиденд төлемейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Мәтен Петролеум» мұнай компаниясының 2023 жылғы табысы өзінде қалады/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытай азаматтарына тиесілі «Мәтен Петролеум» мұнай компаниясы акционерлеріне дивиденд төлемейді. Компанияның 2023 жылғы таза пайдасы өзінде қалады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жолдаған ақпаратында жазылған.

Ұйым акционерлерінің 1 тамызда өткен жалпы жиналысында аудиттелген қаржы есебі бекітіліп, компанияның 38 млрд теңге таза пайдасын өзінде қалдыру туралы шешім шығарылған.

Компанияның жиынтық активі 250 млрд теңгені құраса, міндеттемелері 120 млрд теңгеге тең. 2023 жылғы жалпы кірісі 116 млрд теңгеден асып, 38 млрд теңге таза пайда тапқан.

«Мәтен Петролеум» компаниясы 2010 жылы құрылған. KASE-дегі дерек бойынша, компанияның 98,48 пайыз акциясы шетелдік – SINO-SCIENCE NETHERLANDS ENERGY GROUP B.V. компаниясына тиесілі.

Ал 1 ,659% пайыз акциясына Бахаридин Аблазимов иелік етеді. Бахаридин Аблазимов – Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде 31-орында тұр.

Компанияның 2023 жылға арналған аудиторлық есебінде жоғары да аталған компанияның түпкі иесі  Хуэй Линг екені жазылған. Компания директоры  Тянь Кэцзянь.

Компания Атырау облысындағы мұнай кен орындарына иелік етеді. Компанияның Қара-Арна кен орнынан көмірсутек өндіру жайлы келісімшартының мерзімі 2023 жылдың сәуірінде аяқталуы тиіс еді. Алайда қосымша шарт жасалып, келісім мерзімі 2038 жылға дейін ұзартылған.

Шығыс Көкарна кен орнында 2028 жылға дейін мұнай өндіру құқығына ие. 2043 жылға дейін «Матин» мұнай-газ кен орнын игереді.

Сонымен қатар «ҚоЖан» еншілес ұйымы Атырау облысындағы «Дәулеталы», «Қаратал» және «Морское» кен орындарында мұнай өндіреді. Сондай-ақ, компания Түркістан облысында орналасқан мұнай-газ активтерін басқаратын «Созақ Ойл энд Газ» АҚ-ның 10% үлесіне ие.

Жыл басында 1,5 млрд теңгеге Priority Oil&Gas ЖШС-нің 99,9 пайыз акциясын сатып алалытын хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз