«Қазмұнайгаздың» қайырымдылыққа берген 121 млн теңгесін жымқырған: «Жасыл технологиялар» орталығының бұрынғы басшысы 9 жылға сотталды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
121 млн теңгені жымқырған Олжас Ағабеков 9 жылға сотталды/ коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» бұрынғы басшысы Олжас Ағабеков 9 жылға сотталды. Оған ірі мөлшерде пара алды, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

«Сот үкімімен сотталушы А. ҚК-ның 366-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы, 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ҚК-ның 58-бабы 3-бөлігінің талаптарына сәйкес, жазаларды ішінара қосу арқылы, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла, пара нысанасының құнын мемлекет кірісіне өндіре отырып, түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген сот хабарламасында,

Экология және табығи ресурстар министрлігіне қарасты орталық басшысы өзі мен басқарма мүшелеріне 8,2 млн теңге сыйақыны негізсіз төлеген. Негізі олар 3,1 млн теңге сыйақы алуы тиіс болған.

Одан бөлек, Дубайда өтуі тиіс конференцияға бөлінген 121 млн теңгені жымқырған. Бұл қаржыны «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы демеуші ретінде берген. Сонымен қатар 35 млн теңге пара алған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлер өкілдерінің айғақтары, тексеру актілері, жүргізілген тінту нәтижелері, телефондардан мәліметтер, бейнежазбалар, сот-филологиялық сараптама актісі және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.

«ҚазМұнайГаздың» 121 млн теңгесі мен «Жасыл технологиялар» орталығына келтірілген 8,2 млн теңге залал өндірілген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Петропавл зауытының бас директоры атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 45 млн теңге сомасында пара алғаны үшін сотталған.

Сондай-ақ оқыңыз