Жаңалықтар

Қаржы пирамидасы транзиттік крипто әмияндарға жасырған 250 млн теңге Қазақстанға қайтарылды – ҚМА

Қаржы пирамидасына криптовалюта ретінде 250 млн теңге салған /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

2,5 мыңға жуық қазақстандық Eolus қаржы пирамидасына критовалюта ретінде 250 млн теңге салып жіберген. Қаржы мониторинг агенттігі шетелден осы қаржыны қайтарды. Агенттіктің хабарлауынша, салынған қаржының қайтарылуы – ТМД елдері арасындағы алғашқы жайт.

Әлемде мұндай нәтижеге бірнеше ел ғана қол жеткізген көрінеді. Пирамиданы ұйымдастырушының мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Агенттік заманауи IT-құралдарды пайдалана отырып, 2,5 ай ішінде қазақстандықтардың қаражатын криптовалютаға тартқан «Eolus» жоғары технологиялық қаржы пирамидасын жойды», – делінген ҚМА хабарламасында.

Аталмыш қаржы пирамидасына Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Орал, Көкшетау, Жетісу, Түркістан облысының 2,5 мыңға жуық тұрғыны ақша салған.

Пирамиданы ұйымдастырушылар қылмыстың ізін жасырып, жиналған қаражатты кедергісіз иемдену үшін салымшылардан түскен ақшаны транзиттік крипто әмияндарға жасырған. Агенттік заманауи блокчейн-аналитка құралдардын пайдаланып, бүкіл транзакция жасалған негізгі әмияндарды тапты.

«Ұрланған қаражат Агенттіктің арнайы шотына аударылып, одан әрі жәбірленуші азаматтарға келтірілген залалды өтеу үшін пайдаланылатын болады», – дейді ҚМА.

Наурызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасы белгілері бар ұйымдардың кеңейтілген тізімін жариялаған болатын.

Тізімде 274 компания бар. Олардың ішінде «Газпроминвестхолдинг» ЖШС платформасы», «ҚазМұнайГаз инвестициялар» интернет жобасы және «Forte Invest» интернет жобасы тұр. Бұл  – белгілі инвестициялық компаниялардың атын пайдаланатын алаяқ құрылымдар. Аталған компаниялар кепілдік берілген кірісті (мүліктік пайданы) төлеуге уәде берген.

Қаржы мониторингі агенттігінің ақпаратына сүйенсек, биыл 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік қаржы пирамидасы (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оның ішінде Eolus пирамидасына қатысты үкім 2024 жылдың 23 ақпанында шығып үлгерген.

Агенттік мәліметінше, тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталған. Оларға қатысы бар WhatsApp, Telegram және Instagram әлеуметтік желілеріндегі 200 чат белгілі болып, 182 чат бұғатталған. Бұдан бөлек, агенттік аудиториясы 600 мың адамды қамтыған, мыңға жуық пирамидалардың белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесін бұғаттауға жіберген.