Банк пен қаржы

Микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктері кәсіпкерлерге 1,5 трлн теңге кредит берген

шағын несие
Кәсіпкерлер 1,5 трлн теңге шағын несие алған / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан кәсіпкерлерінің бизнесті дамытуға алған шағын несие көлемі 1,5 теңгеге жеткен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің статистикасына сәйкес, бұл – микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) мен несие серіктестіктері несие портфелінің 64 пайызына тең.

Шағын несиенің басым бөлігі шағын және орта бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғаларға берілген. Олардың микроқаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелері қазіргі кезде 947 млрд теңгеге жетті.

МҚҰ мен несие серіктестіктерінің қызметіне елдегі ірі кәсіпорындар да жүгінеді. Олардың несие портфелінің 28,2%-ын ірі бизнеске берілген займ құрайды.

Шағын несие қай салаларға берілген?

Шағын несиені негізінен ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер алады. Олардың үлесі 54 пайыздан асады. Одан кейін электр энергиясын өндіру (16,6%), өнеркәсіп (10,8%) пен сауда (5,9%) саласындағы кәсіпкерлер тұр. Бұл секторлар тәуекелі жоғары салалар қатарында.

Дегенмен ҚНРДА мәліметінше, несие портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің үлесі (NPL 90+) төмен деңгейде қалып отыр.

Ұлттық банк дерегінше, Қазақстанның қаржы нарығында 227 микроқаржы ұйымы мен 213 несие серіктестігі жұмыс істейді. МҚҰ-ның несие портфелі 1,3 трлн теңгеге жетіп қалса, несие серіктестіктерінің несие портфелі 967 млрд теңгені құрайды.

Жыл басына бері экономика берілген несие көлемі 35,8 трлн теңгені құрады. 2024 қаңтарынан бергі өсім 3,5 пайыз болған. Бұл сомаға банктердің бизнеске берген несиесі, халықтың алған ипотекасы, МҚҰ-ның ұсынған қарызы, квазимемлекеттік ұйымдардың («Бәйтерек» ҰХБ еншілес ұйымдары) нақты секторға берген несиесі жинақталған.