«Костенко» шахтасында қайтыс болғандардың отбасына берілуі тиіс 200 млн теңге «жоғалып» кеткен бе?
Қарағанды облысы Костенко шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасына көмек көрсету үшін бірқатар компаниялар бөлген 200 млн теңгенің «жоғалып кеткені» туралы ақпарат тарады. Бұл туралы өзінің телеграмм-арнасында мәжіліс депутаты Азат Перуашев жазды.
«Жергілікті журналистер Костенко шахтасында (өткен жылдың қараша айында) қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек көрсету үшін кәсіпкерлер бөлген 200 миллион теңгенің «жоғалып кетуі» тақырыбын көтергенін айта кеткен жөн. Бұл әңгімені мына жерден көруге болады», – деп жазады депутат.
Қарағандылық msu.city басылымының ақпаратына сүйенсек, президент тапсырмасынан кейін QazTehna, «АгромашХолдингKZ», KamaTyres и «СарыарқаАвтопром» компаниялары «Демеу Қазақстан қорына» әрқайсысы 50 млн теңгеден жинап, 200 млн теңге берген. Бұл қаржы қаза тапқан кеншілердің отбасына қолдау көрсету үшін таратылып берілуі тиіс болған. Алайда кеншілердің туыстары қор қаржыны әлі де таратып бермегенін айтқан.
Азат Перуашев Қарағанды облысы халқымен кездесу барысында осы қаржы туралы сұрап білу үшін «Демеу Қазақстан қорына» жүгінетінін айтты.
Kompra жүйесінің мәліметіне сүйенсек, «Демеу Қазақстан қоры» 2023 жылы 14 шілдеде құрылған. Оның жалғыз құрылтайшысы – Қазақстан Республикасы президентінің іс басқармасы. «Курсив» осы ведомствоға 200 млн теңгенің қорға аударылғанын растау және оның қалай жұмсалатыны жайлы сауал жолдады.
Айта кетейік, «Демеу Қазақстан қоры» су тасқыны салдарын жоюға қазақстандық миллиардерлер мен ірі компаниялар жинап берген 35 млрд долларды жұмсауы қажет.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.
Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болып, компанияға Qarmet атауы қайтарылды.