Жаңалықтар

Екі шетел азаматы Қазақстан шекарасы арқылы құны 15 млн доллар болатын есірткі алып өтуге тырысқан

Шекарада құны 15 млн доллар «есірткі» тәркіленді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мемлекеттік шекара арқылы есірткінің рекордтық партиясын алып өтпек болған екі шетел азаматын ұстады.

Ақпаратқа сүйенсек, сараптама шекарада тәркіленген күдікті заттардың құрамында героин барын көрсеткен. Оның жалпы салмағы 775 келі, «қара» нарықтағы құны 15 млн АҚШ долларынан артық болуы мүмкін.

«2024 жылы 31 мамырда Түркістан облысындағы Б.Қонысбаев атындағы бақылау-өткізу пунктінде шекарашылар қызметтік итті пайдалана отырып, ауыр жүк көлігінде аяқ киім креміне арналған ыдыстарға жасырылған күдікті заттарды тауып тәркіледі», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Қылмыс жасады деген күдікпен екі шетел азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.

Мамыр айының басында Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда есірткі өндіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды мақұлдады. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қылмыс үшін жазаны қатаңдату туралы ұсыныс жасаған болатын. Сондай-ақ мәжілісмендер қоғамдық орындарда есірткі қолдануды қылмыссыздандыруға келіскен.