2024 жылғы 1 тамызда Ұлттық банк (ҰБ) теңге бағамына қатысты шілде айының қорытынды есебін ұсынды. Оған сүйенсек, өткен айда төл валюта бағамы 1 АҚШ доллары үшін 474,15 теңгеге дейін 0,5%-ға әлсіреді. Сонымен қатар Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі төмендеген. Бұл ретте Halyk Finance сарапшысы Мадина Қабжалалова ұлттық валюта бағамына қатысты талдауы мен болжамын ұсынды.
«Үкіметке Ұлттық қордан валюта сатып алу мен сатудың қатаң ережелерімен қоса, Ұлттық қор қаражатын ай сайынғы пайдалану бойынша нақты жоспар құру қажет. Мұндай жоспар валюта нарығының қатысушыларына да, жалпы халыққа да белгілі болуы керек. Ал ҚР ҰБ бұл кестені нарықтық бейтараптық қағидаттарына сәйкес жүзеге асыруы шарт», – деп есептейді сарапшы.
Оның пікірінше, Ұлттық банк валюта нарығындағы интервенцияны жартылай болса да бейтараптандыруға күш салып жатыр. Шілдеде ҚР ҰБ біржолғы айырбастау операциясын жүргізді. Оның аясында Ұлттық қордың шамамен 970 млн долларды құрайтын активтерін реттеушінің алтын-валюта резервтеріне сату арқылы бюджетті қаржыландырды. Сарапшының пікірінше, бұған қоса «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары бар.
«Одан әрі нарыққа бір уақытта үлкен көлемдегі валютаның түсуіне жол бермеу үшін ҰБ төрт ай ішінде ай сайын 243 млн доллар көлемінде валюта нарығында біркелкі айырбастау жүргізетін болады. Монетарлық реттеушінің мұндай әрекеттері дұрыс деп есептейміз және мұндай бөлу, іс жүзінде, бұл операцияның теңге бағамына әсерін азайтады. Теңгенің уақытша нығаюын болдырмауға көмектеседі. Біздің болжамымыз бойынша, биылғы жылдың соңына дейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы бір долларға 465 теңгені құрайды», – деді маман.
Мадина Қабжалалованың пікірінше, маусым және шілде айларында ұлттық валютаның құнсыздануына қарамастан, теңгенің біршама нығаюына Ұлттық қордан трансферттердің одан әрі ұлғаюы ықпал етуі мүмкін.
Оның көлемі жыл соңында өткен жылдың қорытындысы бойынша шамамен 5 трлн теңгені құрауы мүмкін. Сондықтан экономиканы Ұлттық қордан қаржыландыру (мақсатты және кепілдендірілген трансферттерден басқа) биылғы жылы бір ғана транзакциямен шектеліп қалмау ықтималдығы жоғары.
«Бұл Ұлттық қордан бюджетке түсетін түсімдердің түпкілікті мәніне байланысты тиісті жоспарлау болмаған жағдайда теңгенің нығаюына әсер етуі мүмкін», – деп қорытындылады маман.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы маусымда теңге бағамы құбыла бастады. Мәскеу биржасына санкция салынған соң рубль да құнсызданып, кейін қалпына келді. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Ресей Федерациясындағы шектеу шаралары KASE-ге айтарлықтай әсер етпейтінін айтты
Тамызда бас банк Ұлттық қордан 600 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сататынын хабарлады.