Жаңалықтар

Сауда министрлігі «Уақытты кері қайтару» петициясын қанағаттандырудан бас тартты

«Уақытты кері қайтару» петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды / коллаж бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы министрі Арман Шаққалиев айтты.

Министрліктің мәліметінше, UTC + 5 уақыт белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі. Министрлік стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауы негізінде шешім шығарды.

Сонымен қатар жұмыс тобына қатысушылардың дәлелдерін назарға ала отырып, тиісті талдаулар мен қосымша зерттеулер жүргізу қажет екені айтылды.

Денсаулық сақтау министрлігіне UTC + 5 уақыт белдеуінің алдағы үш жылда халықтың денсаулығына қалай әсер ететіне зерттеу жүргізу ұсынылды.

Ұлттық экономика және энергетика министрліктеріне жылу маусымы мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуға мониторинг және талдау жүргізу тапсырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұйымдар мен кәсіпорындарға күндізгі уақытты ескере отырып, жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіру ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция жарияланып 50 000 дауыс жинаған, сондай-ақ тұрғындар сағаттың теңестірілуі биоритмге, жұмыс кестесіне, оқуға және демалуға кедергі келтіреді деп шағымданған. Қол қойғандар жаңа өзгеріс адамдардың жұмыс қабілетіне кері әсерін тигізеді деп санайды.