2025-2026 жылдары пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жаңа әдістемесін енгізген жағдайда Қазақстан ураны өзінің бәсекелестік артықшылығын жоғалтуы мүмкін. Бұл туралы канадалық Cameco компаниясы екінші тоқсанның қорытындысында айтқан. Аайта кетейік, бұл компания «Қазатомөнеркәсіппен» серіктестік аясында Түркістан облысындағы уран өндіретін «Инкай» кен орнының 40% акциясына иелік етеді.
Cameco-ның екінші тоқсандағы есебіне сәйкес, «Инкай» кен орнында бірінші жартыжылдықта 3,5 миллион фунт немесе шамамен 1346 тонна уран өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. Ол кезде 4,3 миллион фунт немесе шамамен 1654 тонна өндірілді. 2024 жылдың алғашқы алты айында кен орнының кірісі 292,5 миллион долларды құрады, бұл бір жыл бұрынғы кезеңнен екі есе көп -145,7 миллион доллар. Нәтижесінде, бірінші жартыжылдықта «Инкай» табысы былтырғы көрсеткіші 80,2 млн доллардан 176,7 млн долларға дейін өсті. Мұндай кіріс 2025-2026 жылдары тау-кен салығы бойынша өсіп келе жатқан жүктемеге төтеп бере алатынын көрсетеді.
Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» уран өндіруді 6%-ға арттырды, алайда сатылым 18%-ға төмендеді. Бұл ретте «Қазатомөнеркәсіп» пен оған еншілес компаниялардың шикізат сату көлемі бірінші жартыжылдықта 18%-ға, яғни 7,779 мың тоннаға дейін төмендеді. Ал бір фунт уран концентратының орташа сату бағасы 41%-ға өсіп, 66,22 долларды құрады.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы – уран мен оның қосындыларын, сирек металдарды, атом электр станцияларына арналған ядролық отынды және арнайы жабдықтарды экспорттайтын Қазақстанның ұлттық операторы. 2024 жылдың шілдесінде ҚР Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаражаты есебінен компанияның акцияларын сатып алғаннан кейін компанияның акционерлік құрылымы мынадай болып өзгерді: «Самұрық-Қазына» қоры 63% акцияға иелік етсек, Қаржы министрлігі 12%, еркін айналымда тағы 25% акция бар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Буденовское» уран кен орнынан өндірілетін шикізат алдағы екі жыл бойы тек Ресейге жіберетін туралы жазған едік.