«Жайлы мектепке» бюджет қаржысы қалай құйылып жатыр

Жарияланды
фото: skcn.kz

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес ұйымы «Самұрық-Қазына Констракшн» (СҚК) жаңа жылға (2024) «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінген 312 млрд теңгемен қадам басты. Бұл сома компания активінің тең жартысын құрап отыр – 51%. «Курсив» бюджеттік дағдарыс кезінде мұншама қаржының бір компанияның уысына қалай түскенін анықтап көрді.

Пилоттық жоба хақында

«Жайлы мектеп» – пилоттық жоба. 2023-2025 жылдарға арналған. Жобаны Қазақстан Үкіметі 2022 жылғы қарашада бекітті. Мақсаты – еліміздің білім беру жүйесіндегі инфрақұрылымды жақсарту. Өйткені қазіргі жағдай мәз емес. Орта мектептердегі орын тапшылығы 270 мыңға жетіп отыр. Ең қызығы, мұның үштен екісі қалалық мектептерге тиесілі. Құжатты әзірлеген Оқу-ағарту министрлігінің есептеулеріне ден қойсақ, 2026 жылға қарай орта мектептердегі болжамды орын тапшылығы 1,1 млн-ға жетеді. Бұл жерде бала  туу көрсеткішінің өсуі, көші-қон және мектептердің инфрақұрылымдық жағдай ескерілген. Жоғары өсім Астана, Шымкент, Алматы қалаларында, Түркістан және Алматы облыстарында күтіліп отыр.

Сонымен қатар Қазақстанда мектеп құрылысының бірыңғай стандарттары жоқ. Білім беру ұйымдары оқу құралдарымен жеткілікті түрде жабдықталмаған. Мектеп құрылыстарының жүйесі де тиімсіз. Себебі жобалау жұмыстары мен конкурстарды өткізу орташа есеппен екі жылға созылады. Сондықтан шығар мердігер ретінде көбінесе жосықсыз құрылыс компаниялары жиі таңдалады.

Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылға қарай «1000 мектеп құрылысы» жобасының (Президенттің 2021 жылғы Жолдауда берген тапсырмасы бойынша) нәтижесінде тапшылық 797 мың орынға дейін қысқаратынын, бірақ бұл цифр оқушылардың жалпы болжамды санының 18,5%-ына тең екенін хабарлады.

Орын тапшылығын азайту, апатты мектептер мен үш ауысымды оқытуды жою үшін «Жайлы мектеп» жобасы ұсынылды. Жобаның екі міндеті бар: біріншісі және ең бастысы – орын тапшылығын реттеу үшін жаңадан 740 мектеп салу, екіншісі – орта білім беру ұйымдарында жайлы әрі қауіпсіз орта құру (бірыңғай құрылыс стандарттары, жиһазбен және оқу жабдықтарымен толық қамтамасыз ету, қауіпсіздіктің автоматты жүйесін енгізу, жоғары жылдамдықты Интернетке қол жеткізу). «Самұрық-Қазына Констракшн» (СҚК) сайтындағы «Жайлы мектеп» туралы тізбеде 369 жоба көрсетілген. Оның 208-і – 2024 жылы, 151-і 2025 жылы тапсырылады.

Білім беру нысандарын жобалау және салу бірнеше бағытқа (механизмдерге) бөлінген. Бірінші тетік бойынша мектептерді жобалаумен, құрылыс және жабдықпен қамту рәсімімен жоба дирекциясы, яғни СҚК айналысады. Екінші тетік бойынша қалалар мен облыстардың әкімдіктері облыс орталықтарында, республикалық бағыныстағы қалаларда және Астанада мемлекеттік талаптарға сәйкес салынған мектептерді сатып алады. Үшінші механизм – мемлекеттік-жекешелік әріптестігі. Ол үшін салынатын мектептердегі орын саны 1200-ден асуы керек. Бұл жобаларға қаржы әкімдіктердің жауапкершілігімен республикалық бюджеттің нысаналы трансфертімен төленеді. Төртінші тетік – 600 және одан да көп орындық мектептер үшін құрылыс консорциумын тарту. Бұл жерде шешімді білім беру ұйымының өзі қабылдайды.

Ұлттық жобаға арналған жалпы жоспарлы шығындар көлемі үш жыл ішінде 2,4 трлн теңге деңгейінде қалыптасып отыр. Оның 500 млрд теңгесі 2023 жылы, 976 млрд теңгесі – 2024 жылы, 909 млрд теңгесі 2025 жылы жұмсалуға тиіс. Құрылыс бағасы мемлекеттік стандарттарға сәйкес индекстелуі мүмкін. Шығыстардың көп бөлігі (88%) құрылыс жобаларына жұмсалады. Қалған бөлігі жаңадан іске қосылатын мектептерді күтіп-ұстауға бағытталады. Жалпы қаржыландыру Ұлттық қор қаражаты есебінен жүргізіледі.

Жобаны басқару реті келесідей: жалпы басшылықты (үйлестіру, мониторинг, әдіснамалық сүйемелдеу) Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырады, оның желісі бойынша мектептердің құрылысы қаржыландырылады. Нысандарды сараптаумен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысады. Жаңа мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету Ғылым және жоғары білім министрлігінің мойнында. Әкімдіктер жер беруге, ЖСҚ әзірлеуге (СҚК-мен бірлесіп), инфрақұрылымды жүргізуге, сондай-ақ нысанды уақтылы пайдалануға беруге жауапты (бұл үшін облыс әкімдеріне нақты жауапкершілік бекітілген).

Қаржының жайы

Былтыр «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асырудың алғашқы жылы аяқталды. 2023 жылғы бюджеттік бағдарламалардың мониторингі жөніндегі есепте ұлттық жоба үшін өңірлік бюджеттерге нысаналы трансферттер түрінде 500 млрд теңге жұмсалғаны көрсетілген. 2023 жылғы және 2024 жылдың I тоқсанындағы СҚК есебіне қарағанда, бұл қаражаттың барлығы дерлік жоба дирекциясы ретінде мемлекеттік компания арқылы бірінші тетіктегі шығыстарға жұмсалған.

Қаржы бюджеттен СҚК балансына екі уақытта түскен: 2023 жылдың I тоқсанында агенттік келісім бойынша 247 млрд теңге көлемінде ақша түскені көрсетілген. Екінші мәрте 2023 жылдың IV тоқсанында тағы 249 млрд теңге аударылған.

Былтыр ақшаны толықтай игеру мүмкін болмады. Бөлінген қаражаттың жартысына жуығы II тоқсанның соңында СҚК-ның кэш құрылымында қалды. III тоқсан ішінде бұл қаражат «агенттік келісім активтеріне» айналды, яғни мердігерлерге аванс түрінде төленген. 2023 жылдың IV тоқсанында 249 млрд теңгенің соңғы траншы СҚК балансындағы активтердің ақшалай үлесін 51%-ға дейін (312 млрд теңгеге дейін) көтерді. Бұл ретте агенттік келісім активтері (мердігерлерге жасалған төлемдер) тек 190 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың I тоқсанында ғана мемлекеттік компания «Жайлы мектеп» жобасы бойынша шамамен 251 млрд теңгені үлестіре алды. Дегенмен, СҚК балансында әлі де 78 млрд теңге қаражат болуы керек.

2023 жылдың соңында СҚК кэшінің көлемі қандай болды?

«2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша топтың 306 млрд теңге көлемінде ақшалай қаражаты болды. Бұл сома ҚР Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық органында қолма-қол ақшаны бақылау шотымен ұсынылған. Нысаналы мақсаты – «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын жүзеге асыру», – делінген СҚК-ның өткен жылдың қорытындысына арналған есебінде.

Қаржы министрлігі «Курсивке» берген жауабында «Самұрық-Қазына Констракшнге» пилоттық жобаның дирекциясы ретінде «бюджеттік ақшаны есептеуге және оны пайдалануға арналған қолма-қол ақшаны бақылау шоты ашылғанын» растады.

«Нысаналы трансферттерді уақтылы, нақты, мақсатты және тиімді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы органдар мен дирекция жауапты болады. Ұлттық жоба бойынша республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған немесе толық пайдаланылмаған сомасы келесі қаржы жылында олардың нысаналы мақсатын сақтай отырып пайдаланылуы мүмкін. Өткен қаржы жылында пайдаланылмаған нысаналы трансферттердің сомасы және ҚР Үкіметінің шешімі бойынша ағымдағы қаржы жылында жоғары тұрған бюджеттің қалдықтары есебінен пайдалануға рұқсат етілген сома қазіргі қаржы жылында пайдаланылмаған жағдайда ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанынан кешіктірілмей қайтарылуға жатады», – делінген Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков қол қойған жауап хатта.

Яғни, жоба бойынша СҚК бөлетін қаражатты басқа бағыттарға пайдалануға болмайды. Бұл жердегі 306 млрд теңге – бюджеттің орташа айлық шығыстарының шамамен 14%-ы (2023). Өткен жылы Үкіметтің кірістерді болжаудағы қателіктеріне байланысты Ұлттық қордан қосымша операциялар жасауға тура келгенін де еске сала кетейік.

Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр

«Жайлы мектеп» жобасына СҚК-ның қатысуы компания кірісін сәл-пәл әртараптандыруға мүмкіндік берді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша компания техникалық қадағалау мен «Жайлы мектеп» жобасын басқарудан қосымша 3,1 млрд теңге кіріске ие болды. Бұл СҚК-ға тиесілі барлық түсімінің шамамен 16%-ын құрап отыр.

2023 жылдың қорытындысына арналған есепте СҚК бірінші кезеңде жоспарланған 208 мектептің 207-сі бойынша объектілерді жобалау және салу кешенді жұмыстарын сатып алу шарттарына қол қойылғаны туралы хабарланған. Сондай-ақ компания мектеп құрылысын қадағалау қызметі бойынша 191 шартқа қол қойды. Жобаның жүзеге асырылу барысы туралы мәліметтерге назар аударсақ, өткен жылдың соңында нысандардың көбінде жұмыстар іргетасқа қажетті негізді дайындаудан әріге ілгерілемегені анықталды. 2023 жылы 208 нысанның (31%) 64-інде ғана іргетас құйылып, кем дегенде бір қабаты тұрғызылғаны белгілі болды.

Қоғамдық ортада қордаланған мәселелердің ең маңыздысы – жобаға жергілікті тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерін тарту. Өткен жылдың маусым айында Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы басшысы Наталья Годунова жобаның сатып алу жүйесі мемлекеттік сатып алу нормаларына сәйкес келмейтін сынға алды. СҚК жиһазды тек қана «Атамекен» палатасы мен ұлттық әл-ауқат қорының тиісті тізілімдеріне енген отандық тауар өндірушілерден сатып алуға міндеттелді. Сонымен қатар құрылыс материалдарының дені қазақстандық тауарды құрауға тиіс. Жергілікті тауарлардың үлесі 70%-дан кем бомлауы қажет. Алайда жиһаз жасаушылар былтыр дирекцияға өздерінің жобалық қуаттары туралы мәліметтерді ұсына алмады.

2025 жылы «Жайлы мектеп» жобасына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бюджеттік бағдарламасында шамамен 1,4 трлн теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп және 2024 жылғы мемлекеттік бюджеттің барлық шығыс бөлігінің 5%-ына тең. СҚК құрылыс процесін басқаратын жобалардың басым бөлігі қазірдің өзінде аяқталған сияқты. Бірақ қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына ірі сомаларды аудару белгілі бір уақытта бюджеттің кассалық орындалуына қатысты мәселелерді қиындатуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз