Жаңалықтар

Камала Харрис ресми түрде Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер болды

Камала Харрис ресми түрде Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер болды / shutterstock

АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Камала Харрис президенттік сайлауға Демократиялық партиядан ресми түрде кандидат болды.

Демократиялық партияның ішкі сайлауы кезінде көпшілік оның кандидат болуына келіскен. Онлайн режимде өткен сайлау қорытындысы бойынша Харрис қараша айында өтетін сайлауға өз партиясы атынан қатысатын болды.

«Америка Құрама Штаттарының президенттігіне Демократиялық кандидат болу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл кандидатураны келесі аптада ресми түрде қабылдаймын», – деп жазды Харрис әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол Американың жетекші партиясынан президенттікке ұсынылған алғашқы қара нәсілді әрі оңтүстік азиялық әйел болды. Жеңіске жеткен жағдайда Харрис АҚШ президенті ретіндегі алғашқы әйел болады.

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден алдағы президент сайлауынан өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеген. Ол өзінің шешімін кейінірек ашып түсіндіруге уәде берді. Өз орнына қазіргі вице-президент Камала Харристі ұсынған болатын. 

Камала Харрис – Америка Құрама Штаттарының қазіргі вице-президенті, бұл лауазымды 2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап атқарып келеді. Ол 1964 жылы 20 қазанда Калифорния штатының Окленд қаласында дүниеге келген. Анасы – үнді иммигранты, ал әкесі – Ямайка елінен келген иммигрант. Харрис мансабын адвокат ретінде бастап, кейіннен Калифорния штатының бас прокуроры және АҚШ Сенатының мүшесі болып қызмет етті. Ол президенттік сайлау науқанына 7 сағатта 50 млн доллар жинап алды. 

АҚШ президентін сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген. 16 шілдеде Дональд Трамп АҚШ-тың Республикалық партиясынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген.