Lifestyle

«Қыз алып қашу» фильмі дәстүрдің атын жамылған қылмысты көрсетті ме?

«Қыз алып қашу» фильміне рецензия / Фильмнен кадр

Алматыда Alternativa Film Awards 2023 номинанттары мен жеңімпаздарының кино көрсетілімдері басталды. Kursiv Lifestyle көрсетілімнің алғашқы күнінде қырғызстандық режиссер Мирлан Әбдіқалықовтың шынайы оқиғаға негізделген «Қыз алып қашу» фильмінің көрермені болды. «Қыз алып қашу» фильмінің премьерасы былтыр қазанда Оңтүстік Кореяда өткен 28-ші Пусан халықаралық кинофестивалі аясында болды. Таспа Jiseok конкурстық бағдарламасына қатысып, бас жүлдеге ие болды. Жалпы Қырғызстанда алып қашу тақырыбын арқау еткен кинокартина бір бұл ғана емес. Дегенмен солардың ішінде динамикалық сюжетімен Әбдіқалықовтың фильмі озып тұр. 

Ескерту! Материалда фильм сюжеті баяндалады.

Алып қашу – ескірген дәстүрлердің бірі. Кейде келісіммен, көп жағдайды мәжбүрлі түрде қызды алып қашып, жар ету. Ескірген дәстүр дегеніміз Қырғызстанда әлі ескірмеген сияқты. Біз көріп келген Мирлан Әбдіқалықовтың фильмінің соңында «Қырғызстанда минут сайын бір қыз алып қашудың құрбаны болады» деген титр бар. Фильм қыз алып қашудың салдарына ғана негізделмеген. Қылмысты бір адам істемейтінін, қоғамның өзгеруіне әр адам ықпал ететінін тамаша жеткізген. 

Фильмнен кадр

Фильм сюжетін баяндай отырып, қоғам мәселесіне үңілейік. Картина драмалық көріністен басталады. Қыс. Түн. Сырт киімін кимеген қыз артына қарай-қарай жүгіріп келеді. Біреуден қашып шыққаны байқалады. Көрермен бұл көріністің жалғасын кейінірек көреді. Шағын прологтан кейін, Бішкек маңындағы қырғыз ауылында тұратын қарапайым адамдардың өмірі көрсетіледі.

Басты кейіпкер – 19 жастағы Үміт. Жас маман, медбике. Айналасына көмек қолын созуға дайын. Күлуге себебі болмаса да, жүзінен күлкі кетпейді. Әкесі Ресейге жұмысқа кеткен. Өзімен бірге тұратын анасы қара жұмысшыларға шелпек пісіріп, ыстық шай сатады. Үміттің мақсаты – ата-анасына көмектесу үшін көбірек ақша табу. Тұрып жатқан ауылынан да кеткісі келеді. Өйткені ауылдастарының бәрі әйтеуір жан бағу үшін тіршілік етіп жатқандар. Бірі монша жағып, ақша табады. Бірі киім тігеді, енді бірі темір ұрлап, металл қазып сатады. 

Фильмнен кадр

Фильм екі отбасының тұрмыс-тіршілігін көрсетумен жалғасады. Бірі Үміттің, екіншісі Егеменнің отбасы. Егемен қарт әкесімен тұрады. Көп сөйлемейді, үнемі тұңғиыққа батып жүреді. Әпкелері күйеуге шыққан. Үй шаруасын істеп, әкесі мен Егеменнің кірін жууға келіп тұрады. Олардың шамына тиетіні де осы. Сондықтан «қашан үйленесің?», «әкеңе қарайтын келін керек», «өзіміз үйлендіре саламыз» деп мазасыздыққа бой алдырады. Ал Егемен үн қатпайды. Бұдан Егеменнің жауапкершілікті өзіне ала алмайтын, ыңжық, біреудің дегенімен жүруді ыңғайлы санайтын адам екенін көреміз.

Ал,шын мәнінде, Егеменнің тағдырына да қыз алып қашу балта шапқан сияқты. Өйткені Егемен жиі барып тұратын, бір қызы бар ажырасқан әйел бар. Сол әйел бірде «мені алып қашпағанда екеуміз бақытты болушы едік» дейді. Көңілдесінің һәм бұрынғы ғашығының осы сөзінен кейін Егемен оған үйлену туралы ойлай бастайды. Мұны досы Азаматқа келіп айтады. Азаматтың Егеменге қарағанда тұрмысы жақсы. Үйленген, бала-шағасы бар. Күн сайын жанына Егеменді ертіп алып, табылған нәрсені сатады. Табыстың аз бөлігі Егемендікі. Досының ойын естіген Азамат «ел не дейді, көшеге қалай шығасың» деп ескілікке басты. 

Режиссер оқиғаны драма емес, динамикалық түрде жеткізген. Аз сөз, бірақ барлық диалог пен монологтан Қырғызстанның қарапайым тұрғындарының ойы, стереотипі мен қорқынышын түсінуе болады. Сондай диалогтардың бірі Азамат пен оның әйелінің Егеменге қалыңдық тауып беруге тырысуы. Екеуі Егеменге қарата айтып, таныс қыздарды «сұрыптайды»: «жоқ, ол кәрі, 28 жаста», «ол да жарамайды, бойы кішкентай, балаларың кішкентай болады», тағысын тағы. 

"Кыз ала качуу" (2023), режиссер Мирлан Абдыкалыков

Фильмде айдан анық көрінген тағы бір өмірдің шындығы қыз өмірінің алып қашқанға дейін және кейін болып бөлінуі. Ал дәстүрдің қатыгездігін ұрланған қыздың үнін өшіріп, «тағдырға» мойынсұнуға шақырған көріністер сондай шынайы жеткізген. Жігіттің отбасының әрекеттері жүрек ауыртады. Ұрланған қыз, Үміт айқайлайды, күші жеткенше қарсылық көрсетеді. Бір топ әйел оған орамал жауып әлек.  Айтатындары дәлелі мен дәйегі жоқ сөз: «Өз бақытыңнан бас тартпа», «үлкеннің айтқанын істесең жаман болмайсың», «ұят, сені кім тәрбиелеген», «бәріміз осылай келін болдық», «некеден соң танысасыңдар, ғашық боласыңдар». Ер адамдар мұны үнсіз бақылап тұр. Қызды көндіре алмаған әйелдің бірі «күйеу жігітті» зорлауға итермелейді. Үйлену емес, ұйымдасқан қылмыс дерсің. Бөлмеде зорлық-зомбылық болып жатқанын бәрі біле тұрып, дым болмағандай шәй ішіп отыра береді. Өйткені бұл олардың санасында тек «дәстүр». 

Бір жарым сағат ішінде режиссер қыз ұрлау туралы ғана емес, кедейлік, әділетсіздік, теңсіздік, қырғыз қоғамының материалдық және рухани мәселесі, әйелдерді құл көру, азаматтар арасындағы заңнан аттау, зайырлы қоғамнан алшақтау әрекеттерін де қамтыған. Дегенмен қоғамда дәстүрге іштей қарсы азаматтар да жоқ емес. Кинода мұндай адамдардың прототипі Егеменнің әкесі болды. Ол қызды мәжбүрлеп жар ету дұрыс емес екенін қанша айтса да, қарсы тұра алмады. Үміт қашып шығып, үйіне, анасына келеді. Осы жерде жүректі ауыртатыны ананың «қандай болса да, бұл –  менің қызым» демеуі. Ел-жұрттың сөзінен қорқып, «тағдырың осы» деп жылағанда, Үміттің үміті үзілгендей. Бірақ фильм соңында көрерменнің үмітін жаққан да Үміт болды. Өзінен басқа ешкімге сүйене алмайтынын білген қыз болған қылмысты түгел жазып, Егеменнің үстінен арыз түсіреді. Оқиға басты кейіпкердің көшуге бел буып, көлік күтіп тұрған сахнасымен аяқталады.

Осыған дейін Алматыдағы ARTиШОК театрының үлкен сахнасында Alternativa Film Awards сыйлығының номинанттары мен жеңімпаз фильмдерінің ашық әрі тегін көрсетілімі болады.