Үлкен жобалар «сарқылғаннан» кейін, орта инвестициялық жобалардың саны мен салмағы артып келеді. Бірақ бұл Қазақстан Республикасының Үкіметінің көңілінен шығып отыған жоқ. Өйткені бұл статистикалық тұрғыдан инвестициялық белсенділік қарқынының бәсеңдегенін көрсетеді. Қарқынды өсуге қайта оралу үшін министрлер кабинеті «үйренген» әдіс – капиталды көп қажет ететін жобаларды жүзеге асыруға бет бұруда.
Kursiv Research инвестициялық жобалар туралы жиналған деректерге сүйене отырып, елдегі жаңа ірі индустриалдық және инфрақұрылымдық нысандар жайлы айтуды жалғастырады. Қаражат салу мен инвестициялық белсенділік динамикасы –алдағы экономикалық өсімді, сондай-ақ оның салалық және өңірлік шоғарлануы мен сапасын болжаудың бірден-бір көрсеткіші. Бұл Kursiv Research-тың Қазақстан өңірлерінде жүзеге асқан жаңа ірі инвестжобалардың рейтингі мен олардың құны бойынша бөлінген төртінші зерттеуі.
Белсенділігі аз инвестициялар
Қазақстан экономикасындағы инвестициялық белсенділік үшінші жыл қатарынан қарқын алуда. Негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) 2020 жылғы күйреуден кейін, салыстырмалы түрде 3,7% қосып, 2021 жылы оң көрсеткіш көрсетті. 2022 жылы қаражат салу 9,2%-ға өсті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша НКИ 17,6 трлн теңгеге жетіп, нақты мәнде 11,2%-ға өсті.
Алайда негізгі капиталға инвестиция салудың бұл қарқыны Қазақстан үкіметінің үмітін ақтай алмайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі инвестицияның үлесі 14,6%-ға дейін төмендеді. Бұл Қазақстан Республикасының 2026 жылға арналған инвестициялық саясатының қолданыстағы тұжырымдамасындағы болжамнан 6,4 пайыздық тармаққа аз. 2022 жылдың соңында бұл көрсеткіш небәрі 2,8 пайыздық тармақ болған.
НКИ көлемі бойынща негізгі салаларда қаражат салудың бәсеңдегені байқалады.НКИ көлемі бойынша басқа салалардан асып түсетін тау-кен өнеркәсібіне құйылған инвестиция 4,5 триллион теңгеге дейін төмендеді (2022 жылмен салыстырғанда минус 3,5%). Тау-кен өнеркәсібі соңғы бес жылда үш рет теріс динамика көрсетті. Оның негізгі себебі – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын кеңейту жобаларына ірі инвестиция салу кезеңі аяқталды.
Өңдеу өнеркәсібіне салынған қаражат 1,1%-ға, 1,6 трлн теңгеге дейін қысқарды. Құрылыс саласы ең төменгі орынға түсіп, онда инвестиция 42,3%-ға, 129,4 млрд теңгеге дейін қысқарды. Шамалы болса да өсім кқрсетіп отырған сала ауыл шаруашылығы: 904,3 млрд теңге қаражат салынып, 1,7%-ға өсті.
Негізгі капиталға инвестиция салу көлемінде үнемі екінші орында тұратын жылжымайтын мүлікті сату және жалға беру бойынша қызметтерді көрсету саласы оң динамика көрсетіп отыр. Оған 3,2 триллион теңге инвестиция тартылды. 2022 жылғы бағамен салыстыратын болсақ 3,3 пайызға көп.
НКИ көлемі бойынша үшінші орынға көлік және қоймалау орныққан. Бұл салаға шамамен 2,7 трлн теңге тартылып, 2022 жылға қарағанда 48,8%-ға артық болған. Қаражат салу көлемі қарқынды өскен сала – информациялық технология мен байланыс саласында қызмет көрсету. Салаға 438,4 млрд теңге қаражат салынып, өсім 123,4% болды. Бұл өткен жылы «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының «Бесінші буын байланыс стандартын енгізу» ауқымды жобасын жүзеге асыруға кіріскендігімен түсіндіріледі. Ұлттық компанияның 2023 жылға арналған жылдық есебінен «Қазақтелеком» 1 мыңға жуық базалық станция орнатқаны белгілі болды. Оның белсенді инвестициялық қызметі негізгі капиталға салынған инвестициялардың 194,5 млрд теңгеге (2022 жылы 101,6 млрд теңгеден), материалдық емес активтерге – 180,4 млрд теңгеге (2022 жылы 19,9 млрд теңгеден) ұлғаюымен сипатталады. «Қазақтелеком» биыл 2,7 мыңнан астам, келесі жылы 3,2 мыңға жуық станцияны орналастыруды көздеп отыр.
Инвестициядағы мұнайдың үлесі
Қазақстанның көптеген аймағы бірнеше негізгі салаларға маманданған, сондықтан жекелеген салалардағы инвестицияның динамикасы өңірлер бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың ауысқанынан көрінеді. Айқын мамандану тартылған қаражаттың біркелкі бөлінбеуіне әкеледі. Сол себепті жалпы көрсеткіш үш негізгі аймаққа байланысты: біріншіден, Атырау облысына, екіншіден, Астана мен Алматыға. Осы үш өңірдің біреуінде инвестициялық белсенділік төмендейтін болса, ол Қазақстанның қалған аймақтарына салынған салымдар сомасына қарағанда, соңғы нәтижеге көбірек әсер етеді. Бұл жағдай өткен жылы анық байқалды.
Атырау облысы еліміздің негізгі мұнайлы аймағы. Оның аумағында еліміздің үш алып кен орнының екеуі: Теңіз және Қашаған орналасқан. Мұнайдың бай ресурстары аймақтың қаражат тарту көлемі бойынша ұзақмерзімді көшбасшылығын алдын ала айқындап берді. 2023 жылы 2,9 трлн теңге инвестиция құйылды.
Қазақстанның барлық өңірінің ішінен тек Атырау облысында ғана қаражат тарту нақты мәнде 5,5%-ға төмендеді. Аймақтағы негізгі капиталға салынған инвестиция төрт жыл қатарынан құлдырап келеді: 2020–2021 жылдар ең қиын болды. Бұл кезде инвестициялар сәйкесінше 27,6% және 11,6% құлдырады.
10 жыл бойы Астанадан төмен болған оңтүстік астана өткен жылы НКИ ірі рейтингінде екінші орынға көтерілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар шамамен 1,8 триллион теңге болып (немесе барлық НИК-тің 10,2%-ы) 25,2%-ға өсті. Алматы телекоммуникация және IT саласына қосымша 266,5 млрд теңге инвестициялаудың арқасында Астананы басып озды.
НКИ көлемі бойынша үштікті Астана тұйықтады: 2023 жылы шамамен 1,7 трлн теңге инвестиция салынды немесе барлық НКИ-тің 9,4%-ы. Салалар бойынша ең үлкен абсолютті өсім логистикада (+231,5 млрд теңге), энергетикада (+104,6 млрд теңге) және денсаулық сақтауда (+65,3 млрд теңге) байқалды. Ал ең көп төмендеу жылжымайтын мүлікпен операцияларда (-136,9 млрд теңге), басқа қызметтерде (-37 млрд теңге), сондай-ақ ақпараттық технологиялар және коммуникациялар саласында қызмет көрсететін салада (-36,1 млрд теңге) тіркелді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы қаражат тарту динамикасында көш бастады. Өңірдегі салым көлемі 35,1%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеге жетті. Атырау облысына қарағанда Маңғыстау облысының инвестициялық белсенділік соңғы жеті жылда өсіп келеді. Оның үстіне өткен жылы бұл кезеңдегі максималды көрсеткіш тіркелді. Өнеркәсіп саласы бойынша ең үлкен абсолютті өсім логистикада (+247,9 млрд теңге) және тау-кен өндіру өнеркәсібінде (+107,9 млрд теңге) тіркелді.
16 облыстың үшеуі – Ақмола (+1,7%), Ақтөбе (+2,4%) және Павлодар (+3,7%) ғана төмен динамика көрсетті. Бір ғана облыста – Қостанай облысында (+10,5%) – республикалық көрсеткішке жақын болды. 12 облыста: Ұлытауда (+24,1%), Түркістанда (+23,3%), Абайда (+23,1%), Батыс Қазақстан облысында (+21,9%), Жамбылда (+21,7%) – инвестиция орташадан жоғары қарқынмен өсті. Бірақ олардың үлесі жалпы нәтижеге айтарлықтай әсер еткен жоқ.
Үлкен жоба азайып, орташа жобалар көбейді
Қазақстандағы негізгі капиталға инвестицияларды тарту және инвестициялық жобалардың жай-күйі орталық және жергілікті деңгейдегі уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында. 2010 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларындағы барлық жоба Индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында (ИИДМБ) тіркелді, кейіннен оған кәсіпкерлікті дамыту картасы қосылды. 2021 жылдың соңында «Индустриялық саясат туралы» заңның қабылдануымен индустрияландырудың бірыңғай картасына заңнамалық деңгейде индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылуын бақылау функциясы жүктелді.
Инвестициялық белсенділіктің жай-күйін бағалау үшін Kursiv Research Қазақстан облысының барлық 20 әкімдігіне, оның ішінде астана мен республикалық маңызы бар екі қалаға сауал жолдады. Барлық әкімдік жауап берді: олардың 16-сы іске асырылған жобалардың құрылымын ашты, екі әкімдік – БҚО және Павлодар облысы – құнын көрсетпей инвестициялық жобалардың тізімін берді, тағы екі әкімдік – Алматы қаласы мен Абай облысы – тіпті жобалар тізбесін де ұсынбады. Осы төрт облыс бойынша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен ақпарат сұралды. Басқарма жүзеге асырылған және бірыңғай индустрияландыру картасында есепке алынған бес инвестициялық жобаның құрылымын ашып көрсетті.
Жиналған деректер негізінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық жобалардың базасы (ИЖБ) дайындалды. Оған әкімдіктер есепке алған 351 жоба енді. Құрылымдық талдаудың ауқымы алдыңғы зерттеулеріміздегідей көлемі бойынша 100 ірі инвестицияны қамтиды. Бұл жобалардың жалпы құны 924,3 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылғы деңгейден 45,8%-ға аз.
2023 жылға арналған ИЖБ-100 салалық құрылымы біршама теңдестірілген. Егер 2022 жылы жалпы құнының 58%-ға жуығын мұнай-химия жобалары құраса, өткен жылы 60%-дан астамын төрт сала (әрқайсысы 11–19%) АӨК, энергетика, тау-кен металлургия және денсаулық сақтау қамтамасыз етті.
2023 жылғы инвестициялық жобалар базасындағы ең ірі жоба – Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы болды. Бұл жобаның құны 96,6 млрд теңгені құрады. «Ғылыми-зерттеу әлеуетін біріктіру үшін» екі медициналық орталық салу идеясын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың ортасында, COVID-19 пандемиясы ұшынып тұрған кезде айтқан болатын. Назарбаев сол кездегі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке холдингтің ішкі резервінен Астана мен Алматыда екі медициналық орталықтың құрылысына қаржы бөлуді тапсырды.
Екінші орында қуаты 100 МВт «Шоқпар» жел электр станциясы тұр. Жамбыл облысында іске қосылған «жасыл» нысан қытайлық және қазақстандық инвесторларға 50 млрд теңгеге (облыстық әкімдіктің мәліметі бойынша) шықты. Осы нысанды қаржыландыруға қатысқан Еуропалық қайта құру және даму банкі 2022 жылдың соңында жарияланған жобаның қысқаша мазмұнында жергілікті биліктің бағалауынан айтарлықтай жоғары басқа құнды келтіреді – 135,6 млн доллар (немесе орташа жылдық бағаммен 62,5 млрд теңге).
Қарағанды облысында іске қосылған арнайы кокс өндіретін зауыттың құны 43 млрд теңгені құрайды (ИЖБ-2023 бойынша үшінші орын). Жобаны Eurasian Resources Group (ERG) кіретін «Шұбаркөл Көмір» жүзеге асырды. Орта температуралы арнайы кокс «Қазхромның» негізгі экспорттық өнімі (ERG тобына кіретін) ферроқорытпа өндірісінде қолданылады. 2006 жылдан бері бұл жартылай фабрикатты ішкі нарыққа «Сары-Арқа арнайы кокс» («Шұбаркөл көмірдің» бір бөлігі) жеткізіп келеді. Бірақ 2014 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында («Қазхром» құрылымындағы) №4 балқыту цехының іске қосылуына байланысты арнайы коксқа сұраныс артты. Содан бері көміртекті төмендететін агенттерге қосымша сұраныс импорт есебінен жабылып келеді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қуаттылығы 350 мың тонна арнайы кокс шығаратын жаңа зауыт («Шұбаркөл көмірдің» 2022 жылға арналған жылдық есебінде басқа көрсеткіш – 400 мың тонна) ERG өндірістік бөлімшелерінің импортқа тәуелділігін азайтады.
Төртінші орында сублимация зауыты, жеміс сақтау қоймасы және жылыжай зауытынан тұратын кешенді жоба тұр. «Береке» индустриялық аймағында (Алматы облысы) жүзеге асырылған жобаға «Fruit Art» компаниясы 42,8 млрд теңге жұмсаған. Бастапқыда бұл жоба бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, оны «жеміс-жидек кластері» деп атады. Оның құрамына газ ортасы реттелетін сыйымдылығы 15 мың тонна өнім сақтайтын жеміс сақтау қоймасы, тәулігіне 200 тонна шикізатты қайта өңдеу мүмкіндігі бар жемістер мен жидектерді мұздатып кептіру зауыты кіретіні хабарланды.Сондай-ақ жылыжай кешені ретінде 9 га аумақта жыл бойына 1,8 мың тонна құлпынай мен 900 тонна салат өсіруге арналатыны айтылды.
Құны бойынша ірі инвестициялық жобалардың бестігіне «Қазхром» жүзеге асыратын тау-кен металлургия кәсіпорны кірді. Қостанай облысында орналасқан Дөң тау-кен байыту комбинатында құны 37,5 миллиард теңге болатын шлам өңдейтін зауыт іске қосылды.
Өйткені жыл сайын Дөң ТКК-да хром кенін ұсақтау және ұнтақтау кезінде 900 мың тоннаға жуық шлам қалдықтары түзіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайтында, жоба іске қосылған кезде 14,5 миллион тонна ескі шлам жинақталғаны жазылды.
Жалпы 2023 жылы таңдалған үздік 100 (құны бойынша) жобада инвестициялардың шоғырлануы Kursiv Research-тің бұрынғы зерттеулеріндегі ИЖБ-100-ге қарағанда төмен болды. Егер өткен жылы алғашқы ондық жалпы инвестицияның 43,8%-ын құраса, 2022 жылы – 78,7% (2021 жылы – 69,1%). Негізгі себеп: 2023 жылы Қазақстанда бірде-бір үлкен жоба іске қосылған жоқ. Мысалы, 2022 жылы ең қымбат жоба 814,3 млрд теңгені құрайтын интеграцияланған газ-химия кешені (бірінші кезең) болды, бұл қазіргі ең қымбат нысанның құнынан сегіз есе асып түседі.
Бірақ негізгі тренд басқада болып отыр. ИЖБ-100 жобаларының медианалық құны бірте-бірте өсуде, бұл орташа инвестициялық жобалар санының артқанын көрсетеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,95 млрд теңгені, 2022 жылы – 2,5 млрд теңгені, 2021 жылы – 3,4 млрд теңгені құрады. Бұл тенденцияны алғашқы зерттеулердің нәтижелері айқын көрсетеді: 2018 жылы ИЖБ-100 орташа құны 546 миллион теңгені, 2020 жылы – 1,4 миллиард теңгені құрады.
Kursiv Research 2020 жылғы ең ірі инвестициялық жобаларға арналған зерттеуінде мұның негізгі себебін былай сипаттады:
«Соңғы бірнеше жылда, әсіресе, мемлекеттік бағдарламаларға микроқаржы ұйымдарын кепіл сияқты тарта бастау құралдары 2020 жылы қолдау алушылардың тізімі салалық тұрғыдан (мысалы, туризм саласындағы жобалар оны белсенді түрде ала бастады) және сандық жағынан өсуіне әкелді.
Тіпті индустрияландырудың басында ірі зәкірлік жобаларға несие беруші саналған Қазақстанның Даму банкі 2020 жылдан кейін көлемі шағын жобаларды белсенді түрде қаржыландыруға кірісті.
Бүгінгі таңда біздің бірнеше зерттеулеріміздің нәтижелері мен соңғы жылдардағы мемлекеттік қолдау тәжірибесін ескере отырып, бұл түсініктемені нақтылау керек. Мемлекеттік қолдау форматының кеңеюі 2010 жылы басталған индустрияландырудың басында жүзеге асырылған мегажобалардың таусылуы аясында жүзеге асты. Кейіннен бұл орта компанияларды мемлекеттік қолдауға көбірек қамтуға мүмкіндік берді.
Инвесторларға арналған алаң
2023 жылы өңірлерге инвестиция тарту жүйесі мен құралдары өзгеріске ұшыраған жоқ. Бұрынғыдай жүйеде ұйымдастырушылық жағынан орталық орынды әкімдік алады, онда инвестиция тарту бойынша өңірлік инвестициялық штаб, сондай-ақ инвесторлармен жоспарлы өзара әрекеттесу құрылымдары – мысалы, инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Уақыт өте келе қолданыстағы жүйеге шамалы түзетулер енгізіледі. 2023 жылы оңтүстік астананың әкімдігі Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамыту бойынша Almaty Business Development Compan компаниясын құрды. Оның қалалық фронт-офисі ашылып, инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялық жобалардың іске асу кезінде өзара әрекеттеседі.. «ABDC компаниясы инвестициялық жобаны сүйемелдеу арқылы әкімшілік кедергілерді азайтады», – деп сендіреді Алматы әкімдігі. Осындай фронт-офис өткен жылы Павлодар облысында ашылған болатын, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен қатар облыстық прокуратураның өкілдері де кірді.
Бизнеске несие мөлшерлемелері мен кепілдіктерді субсидиялау бағдарламалары (өңірлік бағдарламаларды қоса алғанда), заттай гранттар ұсынылады. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар маңызды рөл атқарады.
Бірнеше жыл бұрын Астанада өңдеуге, оның ішінде құнды өндіріске инвестиция тартуды ынталандыру үшін №1 Индустриалды парк («Астана – Жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының бөлігі) іске қосылды. Елорда әкімдігі ИП-1 қазір 100% толғанын және қатысушылар төлеген салықтың арқасында инфрақұрылымды салуға жұмсалған бюджет қаражаты тоғыз есе қайтарылғанын түсіндірді. Сондықтан 2023 жылдың желтоқсанында жергілікті билік Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаевқа екінші индустриалды парктің жобасын таныстырды.
Елорда халқының саны қарқынды өсіп келе жатқандықтан, өңірлік маңызы бар аграрлық-индустриалды аймақтың жобасы әзірленіп, онда ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды орналастыруды жоспарлап отыр. Елордада жалпы құны 240 миллиард теңгені құрайтын 50-ден астам логистикалық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде Ozon және Wildberries жобалары зәкірлі болып саналады. Логистикалық жобалар санының артуы жергілікті әкімшіліктің жоспарларына түзетулер енгізді, ол «жеке кластер – АЭА қатысушылары үшін жеңілдіктері бар логистикалық парк» ашуды көздеп отыр.
Алматы облысында екі индустриялық аймақ – «Береке» және «Қайрат» бар. Алайда жергілікті әкімшілік бұл аздық етеді деп есептейді. Сөйтіп олардың санын төртке жеткізуді жоспарлап отыр. Әкімдік «Шелек» және «Қазыбек би» индустриалды аймақтары жобалау сатысында екенін хабарлады.
Қаражат тартуда мұнай мен ТКК өсім көрсетпек
Биылғы жылғы жағдайдың дамуы барысы 2024 жылы қаражат тарту қарқыны төмендемесе, өспейтінін көрсетеді. Орта мерзімді перспективада бірнеше ірі жобалардың іске қосылуымен инвестициялық белсенділіктің өсуі күтілуде.
2024 жылғы қаңтар-маусым айларының қорытындылары бойынша жалпы экономикадағы негізгі капиталға инвестиция салу қысқара бастады: жылдық мәнде 3,5%-ға. Негізгі себеп: мұнай компаниялары қаражат тартуды ұлғайта алмады (-39,1%). Инвестициялық белсенділіктің салыстырмалы төмендеуін Атырау облысы (-35,2%) көрсетіп отыр.
Мұнай емес салаларда инвестициялық белсенділіктің қалыпты өсіп келеді. Өңдеу өнеркәсібінде НКИ 9,4%-ға өсті, бірақ бұл өсім жекелеген салалар бойынша біркелкі бөлінбеген. НКИ жалпы көлеміндегі үлесі 1,5%-дан аспайтын салалар (есептік кезеңде) өте серпінді өсуде: жиһаз өндірісі (+1686%), автомобиль өнеркәсібі (+1068%), киім өндірісі (+539%) , ағаштан жасалған бұйымдар өндірісі (+ 310%). Өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларының ішінде жалпы НКИ көлемінде ең үлкен салмаққа ие металлургияға салынған инвестициялар (2024 жылдың қаңтар-маусымында 7,8%) 0,2%-ға төмендеді.
Инвестициялық белсенділіктің жаңа циклі бірнеше жобаға негізгі инвестициялар түсетін 2025 жылдан бұрын басталмайды. Қазіргі уақытта жалпы құны 12,9 млрд доллар болатын бутадиен және полиэтилен және полиэтилентерефталат өндіру бойынша үш ірі мұнай-химиялық жоба іске асырудың бастапқы сатысында. Ірі инфрақұрылымдық жобалардың ішінде Ақтөбе-Қостанай газының құрылысы құбыры 2024 жылдың соңында басталады деп күтілуде (жоба құны 1 млрд доллардан асады).
Абай ауданында мыс қорыту зауытының салынуы туралы соңғы жаңалықтар бұл жобада ілгерілеу бар екенін көрсетеді. 2024 жылдың маусымында Қытай бұл зауыттың құрылысына 1 миллиард доллар несие беретіні белгілі болды. Әңгіме Қазақстан тарапынан KAZ Minerals, ал Қытай тарапынан China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction компаниялары қатысатын бірлескен жоба туралы болып отыр. Жалпы құны 600 млрд теңгені құрайды.
Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің (ERG құрамына кіреді) топ-менеджменті келер жылы құны 920 млрд теңге болатын ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысын бастауға уәде берді.